Жаңақорған ауданының 95 жылдығына орай «Құрмет» орденінің иегері, еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған қазақ күресінен жастар арасындағы дәстүрлі республикалық турнир ұйымдастырылды.
Қазақ күресі – ұлттық рухтың, білек пен жүректің, батылдық пен қайсарлықтың бәсекесі. Сыр елінде бастау алған «Алтын белбеу» турнирінің республикалық деңгейге көтерілуі өңірде қазақ күресінің серпін алып, жастардың спортқа қызығушылығын еселей түсті. Қазір аймақта қазақ күресімен 6710 спортшы шұғылданады. Бұл – болашақ чемпиондардың бастауы, салауатты елдегі самғаудың белгісі. Дәстүрлі шара еңбек ардагеріне тағзым жасаудың үлгісі болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамытудың тиімді тәсілі.
Республикалық турнирге Қазақстанның 8 облысы, 2 қаласынан және ҚР ұлттық құрама командасынан 400 спортшы бақ сынады.
Мұнан бөлек, волейболдан, шағын футболдан облыстық турнир, үстел теннисінен мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті.
2005 жылдан бері тұрақты өткізіліп келетін Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған жарысқа қатысушылар саны жыл өткен сайын артуда. Биыл 16-ші мәрте ұйымдастырылған сайыс талай дарынды жастың жолын ашып, шағын ауыл жаһандық спорт жарыстарының орталығына айналды.
Жарысқа үздіксіз қатысып, толағай нәтижелерге қол жеткізген спортшылар қазір ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде. Атап айтсақ, қазақ күресінен Әлем чемпионы Ғалымжан Абдрахманов, Нұрым Сәлімгереев, Бекжан Төлепов, әр жылдары «Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев, Мақсат Исағабылов, биылғы облыстық «Алтын белбеу» иегері Айбек Серікбаев – осы турнирден түлеп ұшқан спортшылар.
Турнир нәтижесінде 55 келі салмақта 1 орын қызылордалық Ержігіт Мейіржанға бұйырды.
60 келі салмақта қызылордалық палуан Алдаберген Бекзат, 66 келіде жамбылдық спортшы Әлімби Әли жеңімпаз атанды.
72 және 78 келі салмақтарда 1 орынды Жамбыл облысынан келген спортшылар Сары Жалғас және Бектұрсын Абылай жеңіп алды.
84 келі салмақта түркістандық Жанәділ Бекасыл, ал 90 келіде Ұлттық ат спорты орталығының шәкірті Нұғман Бибарыс үздік атанды.
100 келіде1 орынды БҚО өкілі Жанболатов Ернар, ал +100 келі салмақта қызылордалық Сұлтан Бейбарыс алды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<