Кейінгі кезде облыс аумағында балалар алаңсыз асыр салып ойнайтын орын көптеп ашылуда. Заманауи ойын, спорттық алаңдар мен субұрқақтар… Халық демалатын орындарды абаттандыру, саябақтар мен сквер-аллеяларды қайта жаңғырту қолға алынды.
Қызылордада үлкенді-кішілі 42 саябақ және демалыс паркі бар. Қалалық аттракциондар паркі, Тұңғыш Президент паркі, Б.Шөкенов атындағы саябақ және Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы ескерткіші маңындағы саябаққа келуші көп. Аталған демалыс орындарының 70%-дан астамы ескірген болатын. Осы орайда қаланың келбетін көріктендіру, туризм деңгейін көтеру, халықтың демалыс орындарына қолжетімділігін арттыру мақсатында оларды қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттама әзірледі.
Бүгінде 1953 жылы ашылған аттракциондар паркі, 2002 жылы пайдалануға берілген Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығы ескерткіші маңындағы саябақ, 2018 жылы Пионерлер паркі атауын ауыстырған Б.Шөкенов атындағы саябақ қайта жаңғыртылуда.
Аймақ басшысы: «Қаламызда халық демалатын, әсіресе жаздың аптабында саялайтын орын аз. Сондықтан каникул кезінде, кешкісін тұрғындар балаларын ертіп баратын, алаңсыз демалатын, үлкен-кішіге бірдей ыңғайлы, қауіпсіз саябақтар, парктер көп әрі қолжетімді болуы керек. Жаңа парк немесе демалыс орнын салудың қажеті жоқ, қолдағы барымызды көгалдандырып, тазалап, абаттандырған өте тиімді. Жаңа аттракциондар, ойын алаңдарын, субұрқақтар салу саябақтарды көріктендіреді» деген болатын.
Аттракциондардың басым бөлігін тұрғындарға қолжетімді, яғни тегін етсе, кейбірі ақылы қызмет көрсетеді. Көптеген от-басының ірі сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына балаларын апаруға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті демалыс орындары қаланың әр аумағында болуы тиімді екенін айтқан.
Биыл қалалық мәдени және демалыс саябағы толық жөндеуден өтті. Жауапты – «Bi Global» ЖШС. Ашылғалы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген саябақ толық сүріліп, қайта жаңғырды. Жалпы парк аумағы 6 гектар, оған жаңадан 20 аттракцион қойылды. Сонымен қатар парк аумағына 20 мың шаршы метр брусчатка төселді. Велосипед пен жүргіншілерге арналған жолы да бар. Ашық аспан астында амфитеатр салынып, 200 метр орындық 4 қатардан қойылды, сыйымдылығы 300 адамға шақталған. Паркке 8 субұрқақ орнатылды. Оның екеуі субұрқақтар жиынтығынан тұрады. Аттракциондардың ішінде ең ерекшесі – телекомпат, шолу дөңгелегі (колесо обозрения), пират, карусельдер. Бұрын қалада балаларға арналған бетонды скейтпарк алаңы болмаған, жаңарған паркте осындай алаң салынды. Ойын алаңы, автожол және спорттық жаттығуларға арналған орын, шағын футбол алаңы, қысқасы балаларға барлық мүмкіндік қарастырылды. Демалушыларға арналған орындықтар да көптеп қойылған. Қазіргі кезде парк жаңа кейіпке еніп, балаларға есігін айқара ашады. Балдырғандар бұл сәтті асыға күтуде.
Тағы да айта кетерлігі, парктің алдыңғы бөлігінде орналасқан кіреберіс қақпасы да өзгерді. Орнына жаңа қақпа бой көтерді. Сонымен қатар жапон стилінде саябақ ашылды. Оның ерекшелігі – көпір мен сәнді қақпада.
Парк аумағындағы ағаштар сол қалпында қалды. Оған қосымша жаңадан жергілікті климатқа бейімделген 530 түп ағаш отырғызылып, 10 түрлі 30 мың түп гүл егілді. Тамақтану орындары заман талабына сай.
Тұңғыш Президент саябағында да жұмыс қызу, құрылыс үздіксіз жүруде. Алып техникалар күні-түні нысан басында. Осыдан 18 жыл бұрын ашылған демалыс орны көп ұзамай адам танымастай өзгереді. Құрылыс жұмыстарымен «Bi Global» компаниясы айналысуда. Жоба-сметалық құжаттама бойынша жалпы абаттандыру аумағы 71,66 гектардан асады. Оның 20 мың шаршы метрге жуығы – құрылыс алаңы, 96 мың шаршы метрден астам жерге брусчатка төселіп, 93 мың шаршы метрден астам жерге жасыл желек егіледі. Сонымен қатар тұманды фонтан, шолу дөңгелегі (колесо обозрение), тамақтану аумағы, амфитеатр, ойын, футбол, аттракцион, скейт парк, памп-трек, футбол, стритбол, теннис корты, бадминтон, баскетбол, воркаут, шахмат алаңдары, велосипед жолы және одан өзге мүмкіндіктер қарастырылған. Құрылыс Денсаулық саябағына дейін жалғасады. Жыл соңына қарай бұл жер көрікті орынға айналып, балалардың қуанышы еселене түседі.
Сондай-ақ суға түсу маусымының басталуына орай жаңадан қалалық жағажай ашылмақ. Енді балалар қауіпсіз аймақта емін-еркін шомыла алады. Жауапты – «Сырдария Мұнай» ЖШС мекемесі. Жоба құны 30 млн теңге. Жалпы аумағы 16,6 гектар болса, оның ішінде жағажай аумағы 4 гектар. Жағажай аумағына 60 жатақ орын (лежак), 20-ға жуық ақылы демалу орны, ашық аспан астындағы кинотеатр, 2 волейбол алаңы, 2 алтыбақан, 2 фотозона, құммен ойнайтын орын, батут, кәсіпкерлік дүңгіршектер мен тамақтану орындары қарастырылған. Қыста мұнда балалар сырғанау үшін мұз айдынын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жақында «Арай» аттракциондар паркі ашылғанынан оқырман хабардар. Онда да балалар үшін барлық жағдай жасалған, бағасы да қолжетімді. Аттракциондардың бәрі де жаңадан қойылған.
Демалыс парктері аудандарда да ашылып, ел игілігіне берілуде. Осыдан біршама уақыт бұрын Жаңақорған ауданында заманауи парк салынды. Жобаны «Азимут–М» ЖШС жүзеге асырды. Мұнда тұрғындар мен балалар үшін жазғы сахна, аттракциондар, балалар ойын алаңдары қызмет көрсетуде. Түрлі сусын, тағам дайындайтын дүңгіршектер де қойылған. Мұнда кешке келушілер көп. Серуен құрады, балалар алаңсыз асыр салады. Мәдени іс-шаралар да жиі ұйымдастырылады. Сондай-ақ алдағы уақытта парк ішінен балаларға арналған өзге де тың жобалар жүзеге аспақ.
Биыл Қазалы ауданындағы «Жеңіс» саябағына абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізіліп, саябақ мәдени-демалыс кешені болып ашылды.
Аумағы 20 гектар болатын саябақтың абаттандыру және құрылыс жұмыстарымен мердігер мекеме «КазЭлитСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Мәдени кешенде «Даңқ», «Тағзым», «Киелі қазақ елі», «Ғашықтар» аллеялары және отбасылық мейрамханалар мен тамақтану, демалыс орындары салынды. Сондай-ақ кешенде спорт және балалар ойын алаңдары, аквапарк, жасанды көлшік орналастырған.
Осылайша саябақ аудан халқымен қатар көршілес аудандардың тұрғындары үшін де жайлы демалыс орнына айналды.
Бастысы, саябақтар мен демалыс орындарының жаңадан, заман талабына сай жасақталғанына тұрғындар мен балалар дән риза.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






