Жаңартылған аулалар қала күніне тарту етіледі

650

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала орталығындағы Абай даңғылы №47 «А, Б, В», №51 «А» тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Еске салсақ, жаз басталғалы, яғни маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыру басталған болатын. Аулаларға заманауи спорт алаңдары салынып, тротуарлары, жарық бағаналары жаңартылуда. Бұл тұрғындардың, балалардың демалысына қолайлы әрі спортпен шұғылдануына серпін береді.

Абаттандырылған, көркейтілген аулалар жақында аталып өтілетін Қала күні мен Қызылорда облысының 85 жылдығына тарту етілмек.

Айта кетейік, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Мемлекет басшысының туған жерді көркейтуге үлес қосуға шақырған үндеуін барынша қолдап, атамекенді көркейтуге белсенді атсалысуда. Бастаманы қолдаған кәсіпкерлер демеушілік есебінен облыста 31 млрд 700 млн теңгенің жобаларын жүзеге асыруда. Атап айтқанда, маусым айынан бері 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталуда. Қызылордалық кәсіпкер Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен Қызылорда қаласының орталық алаңын абаттандыру жұмыстары басталды. Жоба құны 1 млрд теңгені құрайды.

Мұнан бөлек, меценаттардың қолдауымен Сыр өңірінде көптеген әлеуметтік нысандар салынып, қасиетті орындар – Қорқыт ата ескерткіш- кешеніне, Хорасан ата, Оқшы ата және Марал баба кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<