Жаны жайсаң жақсы аға

9

0

Аймақтың тарихын бедерлеп, тасқа басқан «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетінен талай талантты журналист пен қаламгердің шыққаны мәлім. Солардың арасында ұзақ жыл басылымның жауапты хатшысы қызметін атқарып, секретариаттың жұмысын қара нардай көтерген Қазақстанның Құрметті журналисі, 1971 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған Расул Серіков ағамыздың да өз орны бар. Ол саналы ғұмырының 42 жылын осы қарашаңырақта өткізіп, бойындағы қуат-қарымын баспасөзге арнаған жан. Қорғасыннан компьютерге дейінгі жетпіс жылдық кезеңді қамтитын газет дәуірінің бар қиындығын көріп, басынан өткізген ардагер журналистің дүниеден озғанына да қырық күн болыпты.  

Расул Серіков 1948 жылы Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында туған. Алақандай ауылдағы №141 сегізжылдық мектепті бітірген соң Тәжібайхан қарттың жалғыз ұлы оқуын қаладағы 1-Май мектеп-интернатында жалғастырады. Сол кезде мектеп малшы балаларына арналған білім ошағы болатын. Еңбек жолын мектеп бітірген 1966 жылы туған ауылындағы кітапхана меңгерушісі болып бастайды. Кейіпкеріміздің жазу-сызуға деген құмарлығы бәлкім осы жерден, кітапханадан басталған шы­ғар, кім білсін?! «Талапты ерге нұр жауар» деген, Расул ағамыз 1969 жылы сол кездегі қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік уни­вер­ситетінің (қазіргі әл Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға түседі.

Зайыбы Сәуле Әбутәліпқы­зы­ның айтуынша, сол кездері Май­лытоғай ауылында электр жарығы болмапты. Қолына қалам алып, «Темір жолдың арғы жағы, бергі жағы» деген тақырыппен шағын фельетон жазып, оны облыстық «Ленин жолы» газетіне жібереді. Онысы көп ұзамай жарық көріпті. Бұған қанаттанған автор редакциямен байланысын нығайта түседі.

Расул Серіков 1970 жылы об­лыстық «Ленин жолы» газеті ре­дак­циясына корректорлыққа қа­был­данған. Бұл кезде облыстық га­зеттің редакторы Қалқабай Әбен­ов, аймақтағы қазақ тілді жалғыз басылымның ұжымы аға буын өкілдерінен құралған болатын. Де­ні екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлер. «Редакцияда талапты жастарға қазіргідей жұмыс тез табыла бермейтін. 1987 жылы ағаң хаттар бөліміне тілші болып қабылданамын дегенше корректорлық қызметті 17 жыл атқарды, – деп бастады әңгімесін зайыбы Сәуле апай. 

«Баспасөзге менің де қатысым бар» деп сөзін жалғаған апайымыз 1973-1977 жылдары об­лыстық баспаханада еңбек етке­нін айтты. Ол кезде баспахана Журба көшесіндегі қазіргі «Әл-Асад» сау­да үйінің ғимаратында, ал газет редакциясы Орталық алаңға жақын орналасқан. Баспахана директоры Орман Нұрхабаев. Ол кісінің 1967-1977 жылдар аралығында баспахана директоры болып зейнетке шыққанын білеміз.

– Бітімбай Сиқымов ағамыз баспадағы цензураға жауапты болатын. Мен теруші болдым. Ол кезде газет шығару өте қиын, қорғасынмен басылады. Рекеңмен осы жерде танысып, көп ұзамай (1974 жылы) шаңырақ көтердік. Ата-енеміз ауылда, келін болып ауылға түстім. Екеуміздің де жұ­мысымыз қалада, қарттардың жанында бір ай тұрып, 1975 жылдың басында қалаға келдік. Кейін жарты ставка корректорлық қызметті қоса атқардым. Рекең ҚазҰУ-дің журналистика факультетін 1976 жылы бітіріп алды.

1985-1991 жылдар аралығында облыстық газетке Нұр­ділда Уәлиев басшылық жа­са­ғаны белгілі. «Редактор Н. Уәлиев­тің бұйрығымен ағаң 1987 жылы «Еңбекші хаттары» бөліміне тілші болып ауысты. Ол кезде редак­ция­ға хат өте көп келеді. Үйге әке­ліп, мазмұнына қарай іріктеуге кө­мек­тесетін едім. Хат міндетті түр­де тексерілетін заман. Журналистер редактордың бұйрығымен ау­дандарға жиі шығады. Рекең де Арал, Қазалы аудандарына бір­не­ше рет іссапарға шықты», – деді ол.

Сәуле апайдың айтуынша, сол уақытта Болат Мұратбаев жауапты хатшы екен. Ол 1992 жылы зейнетке шыққанынша осы қызметті атқарған, Р.Серіков жауапты хат­шының орынбасары болып қыз­мет істейді. Б.Мұратбаевтан соң Әб­дібай Уәлиев ағамыз жауапты хатшы қызметін атқарды, ол кісіге де бірнеше жыл көмекші болған. «Ұмытпасам, ағаң Жақсылық Рахматулла редактор болған кезде газеттің жауапты хатшысы болып тағайындайды, сонан секретариатта тұп-тура 25 жыл істеп, 2012 жылы зейнетке шықты» деді.

Шиелі, Жаңақорған аудандарында аймақтық тілші болған ардагер-журналист Нұрмахан Ел­тай ағамыз облыстық газеттің ру­ханият бөліміне 1998 жылы тілші болып қабылданыпты. «Қала­да, ре­дакцияның өзінде бір жарым жыл еңбек еттім. Бөлім меңге­ру­шісі досым Қази Данабаев, ақын інім Дүйсенбек Аяшұлы бар, үшеу­міз бір кабинетте отырамыз. Алдымен газеттің апталық жоспары бекітілетін. Беки салысымен Рекең әр тілшінің кабинетіне кіріп, мақаланы тездетіп өткізуді еске салып жүреді. Жұмысқа келгенде өте қатал, тапсырманың орында­луын мұқият қадағалайды. Бір жо­­лы мынадай қызық болды. Ап­та басында Дүйсенбек «Көшеде кем­пір отыр» деген тақырып берген еді. Халықтың әлеуметтік жағ­дайы ауыр кезең, жан бағу үшін кө­шеде сауда істеп отырған қа­рия­­ның жайын жазып беремін деп жауапкершілігіне алған. Бі­рақ уақытысында жазып өткізе қой­майды. Рекең: «Әй, Аяшұлы, кем­пір қайда?» деп сұрайды ғой. Бұл апта аяқталуға жақын қалған кез. «Мақала жазылмайтын болды. Көшеде отырған кемпір кеше қайтыс болыпты. Бүгін жаназасы» дейді ол күрсініп. Бұған жауапты хатшы шат-шәлкейі шығып ашуланады. «Айтылған кезде сөйлесіп, жазып тастайтын адамсың ғой, не болды енді, не болды?» дегені. Міне, Рекеңнің осындай аңғалдығы да бар еді, ашуы да тез, қайтуы та жылдам. Қарбаластан қолымыз қалт еткенде әзіл-қалжыңымыз жа­расып әңгіме-дүкен құратын едік. Дәл Рекеңдей ісіне бекем, жауап­кершілігі мықты, барынша ұқыпты жауапты хатшыны көрмеппіз» деп түйіндеді ойын.

2011 жылдың көктемінде га­зеттің экономика бөліміне тілші бо­лып келгенімде Расул аға жауап­ты хатшы болатын. Талап күш­ті. «Мақаланы келесі номерге әзір­ле» деген түсінік жоқ. Номерге! Күн-түн жүрсең де номерге жос­пар­ланған материал дайын болуы керек. Сол жылдың қыркүйек айында зейнет жасына толып, жарнама бөліміне ауысып кетті.

«Сыр бойы» бұрынғысынша аптасына үш мәрте шығып жатыр. Газеттің жаңа тәсіл – офсеттік ба­сылымға көшкеніне де ширек ғасыр өтіпті.

«Өмір – өзен» деген, жазу-сызумен, қатені түзеумен саусағына мүйіз шыққан кешегі асыл ағалар бүгінде арамызда жоқ. Сол ағалар: «Түріңнен айналайын-ау, біздің бар өміріміз бейнетпен өтті ғой» деп тұрғандай болады. Жауапты хатшы қызметін Расул Серіковке дейін Шора Ерәлиев, Шәкізат Дәрмағанбетов, Болат Мұратбаев, Әбдібай Уәлиев секілді талантты журналистер атқарды. Кешегі қорғасын дәуірінде аянбай тер төккен сол ағалардың еңбегі кейін­гілер үшін өшпес өнеге.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»