Жапонияның батысындағы Окаяма мен Сёдосима аралы арасында жұмыс істейтін жолаушылар паромы автономды навигация технологиясын пайдалана бастады, деп хабарлайды Kyodo.
Кеме индустриясы ұйымы Nippon Foundation мәліметі бойынша, Olympia Dream Seto кемесі үкімет мақұлдауын алғаннан кейін бейсенбіден бастап жартылай автономды режимде жұмыс істей бастайды.
Қордың атқарушы директоры бұл бастама Жапониядағы жұмыс күші жетіспеушілігінің «бір шешімі» бола алатынын және шалғай аралдарға тасымалдау қиындығын жеңілдететінін мәлімдеді.
Паром алда келе жатқан кемені анықтап, бағытын өз бетінше өзгерту мүмкіндігін көрсетті.
Бұл бастама Nippon Foundation және басқа 50-ден астам компания қатысатын пилотсыз кемелерді коммерцияландыру бойынша ірі жобаның бөлігі. Егер іске асырылса, ол логистиканы тұрақтандыруға және теңіз апаттарының санын азайтуға көмектеседі.
2026 жылдың сәуіріне дейін контейнерлік кемені қоса алғанда, тағы үш кемені коммерциялық мақсатта пайдалану жоспарланған.
Бұған дейін қытайлық компания автономды ұшатын таксиді іске қосқан болатын.






