Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы «Жалағаш ауданында белгісіз індеттен мал жаппай қырылып жатыр» деген ақпаратқа байланысты өңірлік коммуникация қызметі алаңында брифинг өткізді.
Бейнекөрсетілімде тұрғындар ірі қараларының ауызынан ақ көбік ағып, тілінің терісі сыпырылғанын, әлсіреп, тіпті төрт аяққа тұра алмай қалғанын айтқан. Алайда, ветеринарлар мұны жалған ақпарат деп жоққа шығарды.
Басқарманың мәліметіне сүйенсек, аудандық аумақтық инспекция, ветеринария станциясы мамандарынан құрылған арнайы топ мал иелеріне тиесілі аумаққа барып, жағдайға қанықты. Ауыл шаруашылығы жануарларының дерекқор базасында Жалағаш кентінің тұрғындары Ф.Бисенованың 8, Қ.Жолдыбаевтың 7 бас мүйізді ірі қарасы тіркелген. Барлығы аса қауіпті ауруларға қарсы алдын ала егілген.
– «Жаппай мал қырылып жатыр» деген ақпарат жалған. Біз тұрғындардың үйіне барып, ірі қаралардан қан сынамасын алып, лабораторияға жолдадық. Олардың айтқаны ауа райының күрт сууынан күйі төмен малда кездесетін жағдайға ұқсайды. Жем-шөптен немесе судан уланды ма, қан сынамасы арқылы соны да анықтаймыз. Шын мәнінде мал басы түгел, ешқандай ауру белгілері байқалмады, – деді басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Биосынамалар мен қан сарысуы арқылы күлдірік стоматит, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, аусылдың құрылымсыз ақуызы ауруларының бар-жоғы анықталады. Оның қорытындысы 7-10 күн шамасында белгілі болмақ.
– Бұл аурулардың клиникалық белігілері бір-біріне ұқсас. Ветеринар мамандар шұғыл әрекет жасап, мал иелерінің қора-жайларын залалсыздандырды, – деді Шахмардан Қойшыбаев.
Басқарма басшысы өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты екенін, бес жылдан бері бірде-бір мал ауруы, малдың жаппай қырылу дерегі тіркелмегенін мәлімдеді. Қандай да бір жағдай болса, тұрғындарды дереу ветеринария қызметіне жүгінуге шақырды.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






