Облыста 2022-2025 жылдары 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салуға және күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Нәтижесінде биыл аймақтағы жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95 пайызға жетті. Жалпы өңірдегі жол жағдайына қатысты іргелі жұмыстарды бұған дейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде де тізбектеп айтқан болатын.
Аймақ басшысының сөзінше, осы жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге бөлінген. 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Қызылорда қаласындағы 270 көше қайта жаңғыртылды.
– Жақында «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыс аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Мамыр айында Арал қаласында 3 млрд 140 млн теңгеге салынған 940 метрлік аспалы көпір ашылды. Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірді де тұрғындар ұзақ жыл күтті. Бұл нысан құрылысына 1 млрд 400 млн теңге жұмсалып, шілде айында пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын төрт жолақтыға ауыстыру жобасы демеушілер есебінен 350 млн теңгеге әзірленді. Бүгінде қала маңынан айналма жол салу жұмыстары басталады. Екінші бөлігі, яғни Ақтөбе шекарасына дейінгі 462 шақырымның техника-экономикалық негіздемесі дайындалды. Жоба құны – 832 млрд 812 млн теңге. Құрылыс аяқталғанда жарты мың шақырымға жуық жол І санатқа ауысады, – деді сонда Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс басшысы баяндағандай, салаға қатысты тағы бір қуанышты жаңалық бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту бағыты белгіленіп, «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету керектігі айтылды. Аталған автожолдың ұзындығы – 559 шақырым. Оның 189 шақырымы Арал ауданының Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Бердікөл, Сексеуіл елді мекендері арқылы өтеді. Бұл өңірдің ең шеткі елді мекендеріндегі жол қатынасының жақсаруына үлкен себеп болмақ.
Салаға серпін беріп, ел игілігіне табысталған жобаларды айтсақ. Мемлекет басшысының қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы өз жұмысын бастады. Құны 16 млрд 700 млн теңге болған жоба жеке инвестиция есебінен іске асқаны белгілі. Ал жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бүгінде жаңа терминал жылына 2 млн жолаушыға дейін қабылдай алады. Халықаралық стандартқа сай. Аптасына 30 рейс, күнделікті 1200-ден астам жолаушы жаңа әуежай қызметін пайдаланып келеді.
Екіншіден, Қызылорда қаласында 975 млн теңгеге салынған заманауи автовокзал ішкі жолаушыларға да, Сыр еліне келуші қонақтарға да сапалы қызмет көрсетіп тұр. Сондай-ақ облыс орталығы тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты мәселесін шешу үшін 300 жаңа автобус халықты тұрақты тасымалдайды. Оған қоса 1 млрд теңгеге алынған 100 экотакси қалаішілік көлік қатынасына оң ықпалын тигізгендей.
Бұған дейін «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен қаладағы теміржол вокзалы 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеуден өткен еді. Қазір Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзалдары қайта салынса, Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Жақында инвесторлар Арал, Жаңақорған аудандарында жол бойындағы заманауи қызмет көрсету кешендерін ашты. Қызылорда қаласындағы теміржол асты автожол құрылысы да қарқынды жүруде. Ал Қармақшы ауданы орталығындағы теміржол арқылы өтетін көпір құрылысы алдағы уақытта басталатын болады.
Сырдың бас шаһары – Қызылордадағы көлік қозғалысын кедергісіз етуде де жүйелі жұмыстар аяқталды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Бейбарыс сұлтан (Назарбаев даңғылынан аспалы көпірге дейін), Ахмет Яссауи, Жаппасбай батыр, Е.Көшербаев көшелері екі жолақтан төрт жолақты жолға кеңейтілді. Н.Назарбаев даңғылынан «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылына дейін жаңа автомобиль жолы, Шіркейлі, Сыздық және Жаңадария каналдарындағы көпір өткелдерін кеңейту, «Тәуелсіздік» даңғылындағы Қызылжарма каналы арқылы өтетін көпір құрылысы да аяқталды. Сонымен қатар, Бейбарыс сұлтан көшесі мен Жаппасбай батыр көшесіндегі теміржол үсті көпірін күрделі жөндеу, «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы, әуежайға кіреберіс жолдарын кеңейту, Әбілхайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін төрт жолақты жол салу жұмыстары да аяқталып, ел игілігіне берілді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





