Жақсылар ай мен күндей, жарығы көпке бірдей

8

0

Жақсы адамның өмірі қанша жасаса да отбасы, жан-жағы үшін жанға жайлы жаздың бейнесіндей қымбат.

Таяуда ғана қайтпас сапардың көшіне ілескен белгілі дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, кеңес дәуірінің «Құрмет белгісі» ордені мен тәуелсіз еліміздің «Шапағат» медалінің және «Алтын дәрігер» марапатының иесі Базарбай Үмбетов бабаларымыздың кеңпейіл қасиетін жоғалтпаған, жұмсақ сөзді, жайдары жан еді. Кеудесі қазыналы, жаны ізгілікке толы болатын, болмысынан биязылық, өн бойынан қазақы тәрбие тебіндеп тұратын.

Енді міне, жаратылыс бойына берген сол бір саф қасиеттерді туған өлкесіне, ондағы қара орман қалың елдің игілігіне сарқа жұмсаған сақы көңіл, сабыр қалпындағы азаматтың орнын толтыра алмай, өкініш өзегінде отырмын.

Ол өкініш – ең қымбатты, ең аяулы адамның көкірек сыздатқан қайғысы.

Базекең – өзіме тете Алма апа­йымның жолдасы, жездеміз, алайда біз аға деп атайтын едік.

«Екі жақсы қосылмайды дейсің сен, тағдыр қосса мен-ақ жаман бо­лайын» демекші, бұл бір жарасымы жан-жағына өнеге таратқан, ынты­ма­ғы ортаймаған отбасы болды.

Екеуі отау тіккеннен кейін қалада шамалы уақыт тұрды да, қызмет ба­бымен Шиеліге көшті. Базекең осы киелі мекенде үлкен азамат деңгейіне жетті, бедел жинады, көпшіліктің қо­шеметіне бөленді.

Шиелінің туабітті тұрғындарын­дай болып кеткен олар сол елге қалтқысыз қызмет жасап, сыйлас, сырлас достар тапты. Өмірдің сүзгі-талқысынан мү­дірмей өткен, отыз-қырық жылдың бе­дерінде табиғи болмысы өзгермеген сол достарды мен де жақсы білемін. Олардың ара­сында ақылы тірлігіне сай әр са­ланың кәсіби мамандары, елге сыйлы әртүрлі деңгейдегі би­лік­­тің аза­маттары Мәткәрім Байма­ханов, Серікбай Шаймерденов, Есір­­кеп Шә­­дібеков, марқұм Жәкен Ма­­­хам­­бе­т­алиев, Сайлау Нүрекеев жә­не та­ғы басқалар бар еді. Нағыз дос әрі тіреуің, әрі қанатың емес пе, Ба­зе­кеңнің болмысындағы мықты­лық­тың бір қайнары өзі жиған сарқыл­майтын қазынасы, сол достары еді де­сем, артық емес.

Аға мен апайым соңғы отыз жылдан астам уақыт бедерінде Ал­маты облысының Қаскелең қала­сында тұрды. Алғашқы жылдары Алма­ты қаласының №1, №7 орталық емха­на­ларында бас гинеколог дәрігер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Мұнан соң да кәсіби қызметінен қол үзбей жүріп Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық  уни­верситетінде ұстаздық етті.

Ағаның ешкімге ұқсамайтын кел­­беті күлімсіреп, әрқашан көз ал­дымда тұрады. Бірақ тағдырдың осы­нау қатал заңдылығы бәрімізді де мо­йындатты. «Шүкір, жасарын жа­сады» деп көңіл жұбатамыз, алайда, жақсылар мейлі жүз жасаса да көп емес, сондай асыл­дар айбарыңа ай­налып алдыңда жүрсе қанекей!

Өнегелі өмір сүріп, айналасына, ізінен ерген інілеріне елге адал қызмет етудің, адамгершілік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп кеткен ағеден аза­матын бүкіл жұрты аза тұтып, бізбен бірдей жоқтады.

Ағамыздың адами тұлғасы бір­тіндеп биіктеп, мәңгілікке айналып кеткендей. Бүгін біз содан қуат алып жүргендейміз.

Өткен өмірді, кешкен ғұмырды ек­шелегенде, тіршіліктегі пендеге қа­ратыла айтылатын ең ұлы да әділ баға «жақсы адам» деген сөз. Базарбай аға шын мәнінде «жақсы адам» де­ген ұғым­ның мағынасына толық сы­йым­ды жан болатын.

Дәрігер – ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Дәрігердің жү­регіне батырлық пен мейірімділік қа­тар ұялап, өзгенің ауруын өз бойынан өткізе білетін қасиет керек.

Базекең Шиеліде жүргенде өте білікті гинеколог-дәрігер ретінде өзі­нің осы саладағы барлық білімі мен біліктілігін аудан халқының игілігіне жұмсап көрсете білді. Талай жанға ши­палы емін дарытып, талай адам жа­нының, бейкүнә сәбидің арашасы болды.

Дәрігер өмірі қарбалас, ол қарапа­йым адамдарға жылына бір мәрте жо­лығатын оқыс оқиғалардың орта­сында күн сайын жүреді.

Бір жылы, көктемгершілік мез­гілде Қарғалы ауылынан аудан орта­лығына аяғы ауыр келіншектің үйінен қоңырау түсіп, жедел дәрігер қажет екені хабарланады. Базарбай аға тез жиналып жолға шығады. Осы мезгілде Қарғалы арнасынан сең жүріп, көлік өткелі бұзылып кетіпті. Арғы бетте – өмірмен алысқан ана, бергі бетте – шипа жеткізуші дәрігер, арасында асу бермес кедергі жатыр. Бұл бас шайқап теріс бұрылатын жер емес, Базекең тосылмастан жанын­дағы автокөлік жүргізушісі екеуі ағаш сындырып, қолдан сал құрап, арғы бетке өтеді.Сөйтіп, аман-есен әйелді үйінде босан­дырып алады.

Тағы бірде жолаушылар пойызы­мен Алматыға келген Ресей азамат­шасы ауыр халде ауруханаға жеткі­зіледі. Сол күні кезекшілікте болған Базекең жедел түрде аса қиын ота жасауды қолға алады. Қандауырдың жүзінде қылпылдаған өмір үшін бол­ған күресте дәрігер жеңіп шығады, Базекеңнің батыр іс-қимылы арқа­сында егіз ер бала дүниеге келеді.

Көп жылдан кейін ағаның емха­нада жатқанын естіп, өмірін сақтап қалған келіншек Ресейден екі баласын ертіп келіп, балаларына бұл өмірде кімге қарыздар екенін айтып, алғыс жаудырып, ризашылығын білдіреді.

Білікті дәрігер бұлардан басқа да талай ана өмірінің арашасы болып, талай сәбидің аман-есен дүние ди­дарын көруіне себепкер болды. Бір­неше сәбиге азан шақырып Базарбай аға мен Алма апа есімінің берілуі олар­ға деген қарапайым жұрттың ерек­ше құрметі, айрықша алғысы бо­ла­тын.

Бүгінде сондай ризашылықпен Ба­­зарбай ағаның есімі берілген Нүре­кеев Сайлау аға мен Дариға апай­дың балалары үлкен мұнай ком­па­ния­сы­­ның заңгері, ал Алма апа­мыздың есімі берілген Абдуов Сәр­сен­бай мен Шар­банның қыздары фило­логия ғы­лым­дарының докторы, профессор.

Базекең өмірінің соңына дейін өзі ауырып жүрсе де науқас жандарға қолынан келген көмегін аямай, жас дәрігерлерге ақыл-кеңес беруден тан­бады.

Бұған да бір мысал келтіре кетейін.

Ақ желеңді абзал жан өмірден өтерінен жиырма бес күндей бұрын ауыр науқасқа ота жасау үшін ау­ру­ханаға шақырылады. Осы сәтте өзінің ауруы жанға батып тұрған Базекеңнің оған бармауға да толық құқы болатын. Бірақ, өзге біреудің хәлі қыл үстінде тұрғанда аға антынан аттай алмады. Қандауырды қолға алды. Негізі аға­ның ауруы бауырынан еді, оның сал­дары дененің қызуын көтеріп жібе­ретін. Өмір арпалысында өзі қара тер­ге түссе де, денесінің қызуына шы­да­маған Базекең сонда мұздай еденді жалаң аяғымен басып тұрып ота жасапты. Не деген жанкештілік!

Ибн Сина өзі көз жұмарда шәкірт­терін шақырып: «Міне, менің аяғым төменнен бастап мұздай бастады, қазір қолымның қаны ұйиды, сосын жүрек тоқтайды» деп дәріс беріп жа­тыпты. Базекеңнің ота үстіндегі оқи­ға­сын да осындай ерлік деп атауға тұ­рарлық, мұны медицина тарихына алтын әріппен жазса, артық емес.

Адам баласында арман таусылған ба? Барлығымыздың тілеуіміз аға­ның немерелерінің тойын өзі атқа­рып, қызығын өзі қызықтаса екен деген ті­лек еді. Алла тағалам оған жеткіз­беді. Пенде өз ішін парақтап, айырып үл­гіргенше, ғұмыр да ғайып. Қып-қысқа көрген түстей. Бір есіктен кіріп, бір есіктен  шығып кеткен сияқты. Бәрін білмеске бір адамның ғұмыры жетпейді. Содан болар, атаның ізін ба­ласы басып, алдыңғылардың білген­дерін кейінгілер алып, септесіп ғұмыр кешетіні.

Базекеңнің болмысына адам сый­лаудың, жақсылық жасаудың дәнін Тәңірдің өзі еккендей. Ол кісі әсіре­се, біздің ата-анамызды ерекше құрмет­тейтін. Көп көрген, көп түйген менің әкемді әркез өзіне үлгі санайтын.

Өмірде Базекеңнің өзі ең үлкен құр­метке лайық тұлға болып қалып­тасты. Оның ісінің өлмейтініне, ізінің жоғалмайтынына мен кәміл сенемін. 

Құдайға шүкір, өмір жалғасуда, ұрпақ жалғасуда. Енді Үмбетовтер де­ген ұрпақтар легі келе жатыр. Әрқайсысын жалғызындай етіп ерке­леткен ұл-қыздары Алмас, Жал­ғас, Меружай мен немерелері Ай­дана, Әлімхан, Темірлан, Мерей, Дияр, Да­ри­на, Даниялдар аға өмірін жалғас­тырары анық.

Ендігі уақытта Алма апамыз осы ұрпақтарының жетістіктері мен қуа­ныштарына кенеле жүріп, ұзақ ғұмыр кешсін деп тілейміз.

Әріп ҚОЖБАНОВ,

Сырдария ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері