Жақсылық

85

0

Олар мектепте қатар оқыды. Тір­ліктің сан саласында қолынан келген, шамасы жеткен істерін орындап, жа­манды-жақсылы күндерін көрді. Қай-қайсысына болмыс оп-оңай тиген емес, бұрын көрмеген, ой-шұқырлары мен қиындықтары мол белестерді арт­қа қалдырып келеді. Ойды тұрмыс би­лейді дегендей, кезіккен жағдайлар саналарына із тастамай қоймады.

Ермек көп сөйлемейтін тұйықтау, сыры көбінесе ішінде. Ол қалаға жа­қын маңайда шамалы жер алып, же­ке қожалығын күйттеп жүр. Ата-ана­сынан жұққан мал баптау ісі бұған әріден үйреншікті. Соны ойдағыдай жалғастыруда. Мектепте оқып жүр­ген­нің өзінде жұртқа көп жұғыса бер­мейтін, ұсыныс жасап, өзгені қы­зық­тыратын пікір айтпайтын, нағыз сен тимесең мен тименің өзі.

Бекіш пысықтау. Көп езіле бер­мейді. Ойлайтыны жеке қамы. Пай­да­сы жабысардың тілін тапқыш. Бі­реу­дің үстінен күн көруге де кет әрі емес. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шы­ғар алдынан» дегендей, ол тәуір ме­кемеге орналасты. Өлермендігі де бар. Тәртіпке бас ұрған. Істі аяғы­на дейін сапалы орындауға күш-жі­герін аямайды. Сол мінез ұштала, сал­мақтана түсіпті. 

Қайырбек мектепте, жоғары оқу орнында кеудеде жүрді. Кітапқа құ­мар. Содан болар сөзуар. Ісі сал­мақты. Кім білген, осылармен қа­баттас дағды­лан­ған өзіне де, өзгеге де қойылатын биік талап пен талғам­ның әсері ме екен, мұның өмір жолы анау айтқан жеңіл болмады.

Білімді, өнегелі, ақ пейілді адам, әрине, осыған сәйкес, бақытты, сыйлы өмір сүруге лайықты екені рас бола тұрса да, бұл жалғанда дәл солай бола бермейтінін осы Қайырбек жолы көрсеткендей. Басында сырт көзге әжептәуір көрінетін ұжымға орналасты ол. Біршама уақыт нәтижелі істер ат­қарды, жұрт көзіне іліге бастап еді. Артынша сол мекеменің қыры қашты, бұзылды, айқай-шумен жұмысын тоқ­татып, жабылды. Сөйтсе, бар бәле бас­шыдан екен. Ол бейбақ өзгенің емес өзінің қамын ғана күйттеп, жұрт мүлкін талан-таражға салып, абы­рой­­сыздыққа ұшырады. Өзімен қо­са айналасындағыларға да күйе жа­ғыл­ды. Олар әйтеуір әупіріммен заң тыр­нағына ілінбей аман қалды. Бі­рақ жаман атақ біразға дейін арыла қойсын ба? Солардың арасында Қа­йырбек те бар еді.

Қиындық қосарланып жүреді де­гендей Қайырбек біраз бос жүріп қалды. Амалдың жоғынан шағын қо­жалыққа орналасты. Егін күтумен ай­налысады екен. Барлығының жұ­мыла жасаған еңбегіне орай сол жылы өнім мардымсыз болмасы бар ма? Мәселе – қуаңшылық пен аяқ судың жетіспеуі. Жығылған үстіне жұдырық дегендей шаруашылық жетекшісі де көргені кем, білімі мен білігі пәс, жанындағыны ұтымды істерге қарымды қосатын жол та­батын өрелі, қайратты азамат болмай шықты. Мұндай жерде не береке бо­лушы еді, Қайырбек тағы жөн іздеді.

Барар жері, басар тауы қалма­ған­дай. Болмыстан үміті мол еді. Білімді, өне­гелі, көргенді. Бұл жалғанда со­ның бәрі қажет емес екен. Жұмысы алға баспады, істері оңатын емес. Өмірден түңілгендей болды. Сонда адал бол, ісіңе берік бол, жұртқа зиян жасама, өзгені ренжітпе, өзгенің ала жібін аттама деген мұны жасынан баулыған қағидалар қайда қалды, олардың қажеті болмағаны ма? Сонда олардың бәрі өтірік, жалған болғаны ма?  

Жұмыстан үйге келді, сәл жата тұрайын деп қисайып,  тыныстаған күйі көзі ілініп кетіпті. Осындай апақ-сапақ, ала көлеңкеде аруақтар жүреді дегені рас болды. Алдынан әкесі кө­рініп, аян берді.

«Балам, шаршадың ба? Кезінде жеткілікті сөйлесе алмадық. Сен жұ­мыстан босамадың, мен тірі жүре берем деп ойладым. Қиналдың ба, балам? Шыда, құлыным! Не нәр­сенің ақырын Алладан тіле! Адам­нан дәметпе, сұрама! Жақсылық жа­саудан тайма. Біреуден жамандық, қысым көрсең түңілме. Оған сол бо­лымсыз қылығына сәйкес дүрсе жауап беріп, төмен түспе, балам! Жаныңдағы қауқарсызға оның на­шар қылығын байқап ет ашумен зорлық жасап, қинама, әділ бол. Ұлы Құдірет бәрін көріп тұр. Бүгін қайтпаса, ертең қайтады»  деді әкесі. Осы сәтте шай дайын деп келіншегі жәй қозғады. Ол оянды, көзін ашты, орнынан тұрмай біраз жатты. Ата-баба әрқашан ұрпа­ғын желеп-жебеп жүреді деген осы екен ғой деп, Аллаға шүкіршілік етті.

Адам жақсы болу үшін де, жаман болу үшін де өнеге көруі тиіс шығар. Бірақ жаман болу үшін жаман тәр­бие жеткілікті болса, жақсы болу үшін жақсы тәрбие жеткілікті емес сияқты. Тек жақсы тәрбие көрген азамат бірден оңды болып шыға келмейді. Ол үшін терісті де көру міндет, оң мен терісті бірдей көріп, соны салыстыра білген ұтады екен.

Қайырбек мектепке барғанша ылғи әже құшағында жатушы еді. Сөзі қандай жылы, алақаны сондай жұмсақ. Айналып-толғанғандағы сөз­дері әлі құлағында. Әже сөзі мұның жүрегін әбден жұмсартқан-ау. Әлде, ардақты, асыл қарияның алақанымен келе ме екен немересіне бабалар өне­гесі?

Қайырбек ой құшағында. Басынан өткен түрлі жағдайлар санасын қор­шап мазалайды, тыныштық бермейді. Ойда-жоқта анасының айтқаны есіне түсті. Ол сөзді ертеде анасына енесі, мұның әжесі айтыпты ғой:

«Мен жетпістен асқан, отағасы сексенге жақындаған уақ еді. Бір күні болмашыға ренжістік. Шалым қатты ашуланды, ауыр сөздер ақ­тарды. Сол күндері сырқаттанып жүр еді. Шығып кетті. Шамалыдан соң қа­сыма келді. Егіліп, көңілі бо­сап: «Өмі­рімде ешкімге қиянат жаса­маған мен, отбасымның көгеріп-көктеуіне, өркендеп-өрлеуіне мол ең­бек сіңірген саған зорлық көр­сетіп, қинадым-ау! Кешіре алсаң, кешір мені» деді. Сол сәтте бірге сүрген ұзақ өмір алдымнан зуылдап өте шыққандай болды-ау, шіркін! Жас кездегі алтын сөздерімді айт­тым-ау мен де Құдай қосқан қо­са­ғыма. Жарықтық, әділ, ойлы еді, ешкімге қиянат-зорлық жасамаған. Қайрошым атасына тартқан, түрі де, сөзі де, әділдігі де»  депті әжесі ана­сына мұның.

Ата-әже тілеуі ме екен, қазір ол абыройлы мекеменің сыйлы маманы.Басынан өткен қиындықтар оны ша­масы шынықтырған сыңайлы. Сол тәжірибе түрлі қолайсыздықтардан шығу жолында ұтымды негіз болды да.

Ермек кешелі бері көңілсіз. Өзім дегенде өгіз қара күші бар мұның осы істі оңды аяқтауға қауқары жетіп, шамасы келетін емес. Қанша ұмтылып тыраштанса да. Әлде, дұрыс жолы мен әдісін топшылай алмады ма. Сол күндері үйіне ет жа­қын туысы келе қалсын. Шамалы уақытқа әжептәуір қаржы бере тұ­руын өтінді. Алайда, бұл өзінің жеке басы қарекетінен аса алмай алдын­дағы жақынын түсіне қоймады. Шы­дамдылықпен тыңдады. Жақ­тыр­мағанын білдірмеуге тырыс­ты. Іштей: «Осы жұрт қызық. Көмек сұрайды. Жақсылық істе дейді. Ал маған соны кім көрсетіпті, ә?!». Ой түбінде тек өзінің күйкі тірлігі мен ісі. Құдды, о бастан айдалада жалғыз туып, жалқы өскендей. Жақыны басы салбырап кете барды, бұл шығарып салуға да жарамады.

Шауып жүрген азамат екі кеш арасында, ойда-жоқта кездейсоқ сыр­қатқа ұшырапты. Міне, ауруханада емделгеніне оншақты күн болды. Оңалатын түрі жоқ. Қайта ауруы мең­деп барады. Кешқұрым қасында әйелі отырған. Бұл ұйқылы-ояу ыңырсып, қиналып жатыр. «Құдай-ау, не жаз­дым, мені сонша қинайтындай, еш­кімге зорлығым, қиянатым жоқ еді ғой жасаған, деп жыламсырады ол. Әйелі қоса жыласын. Ертеңіне екеуі Алматыға ұшып кетті.

Ермектің тәуір боп келгенін естіп Қайырбек пен Бекіш көңілін сұрап келіп отқаны. Көңіл-күйі жаман емес, жадыраңқы сөйлесіп, бар жағдайын ашылып айтып жатыр.

«Сендерге өтірік, маған шын сол күндері тіпті жүре алмай қалдым. Қала ауруханасында оншақты күн емделдім, хәлім төмендемесе, жақ­­сар­мады. Ауру себебін таба алма­ды, сөйтіп Алматыға жеткізді. Бар­ған күннің ертеңіне бөлімше меңгерушісі көрді. Жағдайыммен танысты. Сөз арасында ол да біздің өңірден екендігін айтып жатыр. Оны айтасың, сұраса келе екеуміз де бір ауылда туыппыз. Сол азамат маған ынтасымен қарап, сырқатымды те­рең зерттеп, тек сонда бар жаңа қон­дырғыға са­лып, ауру себебін анық­тады ғой. Со­дан ем сәтті, қонымды бола берді, екі жетіде бетім бері қа­рап, аяққа тұр­дым. Шығардан бір күн бұрын бөлмеме келді сол дәрі­гер. Менімен жеке әңгімелесті. Ана­сы­ның сәлемін айтты. Мен аң-таңмын. Сөйтсем, ме­ні көрген күні үйіне, анасына жет­кізіпті, ауыл­да­сымды емдеп жа­тыр­мын деп. Ана­сы әкемнің атын білгесін қатты таң­даныпты. Ол от­басымен баяғыда көрші тұрғанбыз деп, анам мен әкемді асыра мақтапты, көрші емес, туыстай едік, Құдайына қараған, жақсы адамдар еді деп. Онда сол жігіт сенің бауырың, оны өз жақы­ныңдай жанашырлықпен қара деп тапсырма беріпті ұлына. Ендеше, Алланың, сосын қайырымды болған ата-анамның, мен көрмеген ананың ақ тілегі мен дәрігердің шипалы емі арқылы айығып, сендердің алда­рыңда отырмын. Өмірде білмейтінім көп екен, соны түсіндім» деді Ермек.

Бекіш кештете көрші ауылға бет алды. Күн тып-тынық, бұлтты. Тек сәл ғана қар қылауланып тұрғаны. Үлкен жолға түсісімен нағыз ақ түтек  боран басталды да кетті. Сәскелік жолда көлік ақауы шықты, тұрып қалды. От алатын емес мүлде. Ай-дала алай-дүлей, ешнәрсе көрінбейді. Кеш түсіп, күн қарайды.Аяз ызғары күшейді. Абырой болғанда үстіндегі киімі қалың. Сол мұның жанын сақтады. Бәрібір тоңайын деді. Бір уақта от көрінді. Сөйтсе, қаңғалаған көлік. Тоқтады. Адамы шықты іші­нен. Бұған жақындады. Ауылдасы екен. Мұның көлігін біраз әуреледі оталдырамын деп. Түк шықпады. Қай­та өзі суыққа ұрынды. Тіпті болма­ғасын мұның көлігін соңына арқанмен жал­ғап сүйреді. Жолда бірнеше  тоқтап, көліктерін тексеріп, әуреледі. Ақыры, түн ортасы ауа мұны аман-есен үйіне жеткізді.

Сол азамат ертеңіне ауруханаға түсіпті, суық тиіп өкпесіне. Оншақты күн ауруханада ем алды, әупіріммен жазылды. Бекіш бармапты. Сені аман сақтап қалған азамат ем алып жат­қан­да ең болмаса көңілін бір сұрамағаның қалай деген өз әйеліне: «Оны мен шақырған жоқпын, өзі келді емес пе» депті.

Бұлар қазір кісіліктің төрінде. Анда-санда қолдары босап, асықпай кең отырып, оны-мұны айтып, бір жағы демалып, көңіл көтеріп бас қосатыны бар еді. Бүгін сондай еркін кездесу Бекіштің үйінде.

– Бес күн тірлік мектепте оқыға­ны­мыздан алшақтау екен. Жұрт жал­пылықтан гөрі жалқылықты қол­дайтын сияқты ма, қалай? Өздерің білесіңдер, әділдікке біртабан жа­қын­мын. Жөннің алдын орауды, өзгеге қиянат жасауды қаламаймын. Керісінше, өзгеге шамалы да болса қайыр-көмек беруге дайынмын. Алай­да, қазір осы ұстанымның бол­мыс­қа керектігіне  күмәндімін, – деді Қайырбек.

– Басыңды неге қатырасың, Қайырбек? Өмір саған ойын алаңы емес. Оны-мұны көріп, сынап, зерт­тейтін. Сөзі көп әділдікте не шаруаң бар? Өзіңе не қажет, саған не пайдалы, күнкөрісіңе не керек, міне соған ғана күш сал, соны қуала, сонымен өмір сүр! Меніңше, басқа сөздің бәрі бекер, сандалған гәп, – деді іле Ермек.

– Иә, Ермектің айтқаны жөн, менде осыны қолдаймын. Біздің ойы­мыз бен мақсатымызды өмірдің өзі реттеп, жөндеп жатқан сияқты, – деп қосылды Бекіш.

– Сендер, қалай ойласаң олай ойла! Менің өзгеде шаруам қанша? Мен өз басымды, өз жанұямды ой­лаймын. Бөтенді өкімет ойласын. Қа­рай гөр, мынаның сайрауын! Құдды өзге үшін туғандай, – деп Ермек арқаланды.

– Сеніңше адам тек өз басын ғана күйттеуі керек сияқты ғой. Өз басын ойлап, тапқанын аузына са­лып, күйсеуді ғана білетін адам кім болғаны сонда? Онда сенің төрт аяқ­тыдан артықтығың бар ма, пәт­шағар?! – деп бетін қайтарды Қа­йырбек.

– Сен не деп тұрсың, ә?! Әкеңді танытайын ба осы тұрған жеріңде, деп ол алға ұмтылды. Бұл да шегінген жоқ, алға жылжыды. Жастарына қа­рамай сойылдасуға сәл-ақ қалды. Әйткенмен, екеуінің де сабыры мен шыдамы бар екен, сәл саябырлады.

– Мынауың мен үшін күтпеген жағдай ғой, – деп килікті ортаға Бекіш.

 – Неден түңілдің сен, Қайырбек? О баста ойың өзгеше еді ғой. Сон­шама неге өзгердің? Балалық кезі­мізде, одан кейін де, талайымыз сенің жұмсақтығыңа, өзгені жақсы көріп, оны қатты сыйлауыңа таңғалып қызығатын едік. Тіпті кейбіреуіміз: «Мынау әулие ғой» деп сені сыр­тыңнан келемеждейтін де едік. Дұ­рысы – өз қамың. Соны ойла! Өзгенің шаруасында нең бар? Оны ойлауға сенің шамаң да, мүмкіншілігің де жоқ. Басқалар ойласын. Маған не­ге ұқсамайсың? Өзімді ғана ой­лаймын, жұртта шаруам жоқ. Кө­ріп отсың ғой, жағдайым жаман емес. Солай достым, – деді ол. Бе­кіш­тің осы сөзінде ащы мысқыл жат­қанын Қайырбек байқаған жоқ. Оның осылай пайымдауына аз-кем сылтауы да бар еді.

Бекіш өзінен біраз кіші әріптесіне сонау жылы әжептеуір сөз жәрдемін, іс көмегін көрсетіп қолдағаны бар еді. Сол інісі кейінірек өзге жұмысқа ауысқан. Қарым-қатынастары жөнді. Әңгіме арасында ол сол азамат ту­расында оңды жайттарды мол ай­тушы еді. Бүгін сонысынан тайып қалыпты.

– Қойшы, сол тексіз немені. Өт­кенде бір болмашы істі тапсыра қо­йып едім, орындамады. Тіпті өзі қи­налмай-ақ, қасындағы шауып жүр­ген «күшіктерін» жауып жіберіп, бі­тіре салуға болатын еді. Ол пақырдың қолынан бұл да келмеді. Иә, болмаса шамам келмей мүлдем діңкелеп жатырмын деп те телефон шалған емес. Мұндай таяз пәстерге жақсылық жасап нем бар еді, – деді Бекіш.

Сол сәтте Қайырбек сәл ғана жы­миды. Шамасы, осы маңайлас өмір құбылыстары ол үшін таңсық бол­­мағаны ғой. Бекіш соны байқап қалды.

– Қайырбек, саған не болды? Не­ге күлесің, мені мазақ еткің келе ме, әл­де  түсінбедің бе? Әй, мен осы кімге шағынып, кіммен пікірлесіп әңгіме айтып отырмын, ә? Болмыс сырына тіпті қанықпаған, өңкей жеңіл-же­лектерге ме?  – деді Бекіш.

Жаңағы жымиған жөніне қалды.Қайырбек қарқ-қарқ күлсін кеп. Бе­­кіштің көзі шарасынан шыға жаз­дады.

– Бауырым, саған бір нәрсе кө­рінді ме, әлде «салқын» тиді ме? Не­ге жынды адамша күлегештеніп кеттің ә, сен! Әлде саулығың сыр берді ме? – деп, шын ашуға көшті Бекіш. Күлкі­сін тыйып, Қайырбек салқынқандылық танытты.

– Қазақ баласына қолынан кел­геннің барлығын жасайды. Бала ата-анасына олардың өмірінде жасаған жақсылығын қайтарып үлгере ме? Әрине, жоқ. Сонда қалай? Са­ған жасаған ата-ана жақсылығы, игі­­лік­ті еңбегі ескерусіз қалғаны ма? Тіптен олай емес. Ол ата-анасы жа­­­саған бар жақсылықты өзінен шық­­қан ұрпақтарына арнайды. Тү­сіндің бе?! Ал өзгеге жасалған жақ­сылық тағдыры осыған ұқсас шығар. Данышпан баба айтыпты ғой: «Өзгеге істеген жақсылығың қайтпайды» деп. Бірақ, сол дана тағы айтқан шы­ғар: «Істеген жақсылығыңның қайыры жоғалмайды» деп. Бір қарағанда қа­рама-қайшылық бар сияқты. Ал ой­лансаң ше? Сондықтан, жақсы­лығым қайтпады деп ренжіме! Бәрі адамына байланысты. Тереңдері уақыты же­тіп жатса қайтарады. Таяздарына әу­ре болма, – деді тағы Қайырбек.

Ол сөзін жалғай берді.

– Өткен уақта мен бір болымды азаматпен дос болдым. Тауқыметі мол қызмет болсын, жай қарым-қа­тынас жағдайында жүрейік, ол да, мен де жөн-жобадан, салмақты рет­тен, биік адамгершіліктен асып, ат­та­ған емес­піз. Арамыз ұзап кеткен. Жақында сол азаматтың сәл сырқат­танып жүр­генінен хабардар болдым. Телефон шалдым. Жағдай сұрастық.

«Осы уақытқа дейін біраз өнеге­лі, болымды азаматтармен иықты қызметтес, жақсы қарым-қатынаста жүріп, мол өнегесін алдым. Солар­дың алдыңғы қатарында өзің болдың, – дедім. Күлді. Шамалыдан соң: «Оу, Қайреке, жақсы боп қалдым ғой! деп жылы жауап қайырды ол. Шынымды айтсам, сол сәтте менің өзім де таза, шынайы сезім құшағына оранғанымды байқамай қалдым.

– Ендеше, бұл жалғанның басты, ең маңызды міндеттерінің бірі, ша­масы, ешуақытта таусылмайтын күй­кі тірлік қайнаған ортасында жүрсең де немесе көп армандап азды-көпті көретін,сондықтан тоймайтын дүние қызығы мен шыжығының ара­сын­да мол рахатқа батсаң да, анда-сан­да өзгенің де жағдайын ойлап, оған жасаған игілікті іс пен сөз жәрдемің шығар. Онда бұл дүниеге айналасына, өзгеге жақсылық жасау үшін келетін сияқты адам баласы, – деп, сөзін тежеді Қайырбек.

Осыдан кейін бағанадан таласып, жағаласып, жармасып отырған Ермек те, Бекіш те үнсіз қалды.

Серікбай   ҚОШҚАРОВ