Жақсылық Досқалиев туысқандарының рұқсатынсыз мәйіттен ағза алуды ұсынды

545

0

Фото: Adal Adam youtube арнасы

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі, республикалық трансплантация орталығын басшысы Жақсылық Досқалиев Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында туысқандарының рұқсатынсыз қайтыс болған адамның ағзасын алу туралы бапты қолдайтынын айтты.

Қазақстанда 4 мың адам трансплантацияға кезекте тұр. Жақсылық Досқалиевтың айтуынша, елімізде донор тапшы. 2019-шы жылға дейін туысқандарының рұқсатынсыз мәйіттің ағзасын пайдалануға болатын. Кейін заң өзгертіліп, жақындарының келісімінсіз мұндай операциялар жасалмайтын болды.

«Енді мынандай проблема. Мәйіт болды, туысқандарынан сұрағанда «Біз білмейміз біз оған рұқсат бере алмаймыз, біз естіген жоқпыз, бізге қолхат берген жоқ. Біз оның орнына шешім қабылдай алмаймыз» деп ағза алуға рұқсат бермейді. Осының нәтижесінде 2019 жылдан бері көп дегенде жылына 2-3 мәйіттен ағза алынатын болды. Осыған тірелдік. Осынын алдында 20-21 мәйіттерден алынатын», – деді Досқалиев.

Жақсылық Досқалиев сонғы кездері талқыланып жатқан туысқандарының рұқсатынсыз қайтыс болған адамның ағзасын алу туралы заң бойынша өз пікірін айтты.

«Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев айтып жатыр заңға өзгеріс енгізу керек деп. Өйткені біз қаражат бөле алмаймыз. Одан қайта тиімдісі заңды өзгертіп, трансплантацияны өзімізде жасаған деп. Бұрынғы қалпына келтіру керек. Туысқандарының рұқсатынсыз ағзаны ала беруге болады деген бапты енгізу керек. 4000 адамнын артында кем дегенде 5 адам тұр. Ол туысқандары. Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Біреудің жалғыз баласы, біреудің жалғыз қызы, біреуің жалғыз асыраушысы. Егер 4000 беске көбейтсек 20000 болады, ол шағын ауданның халқы деп санау керек», ‒ деді Досқалиев.

Оның сөзінше, мәйіт донорлығын халықаралық тәжірибеге байланысты дамыған елдер пайдаланады. Түркия және Иранда да қайтыс болған адамның ағзасы мәйіттен алынып, мұқтаж адамға салынады.

«Мәйітке ағза керек емес. Көп болса ағза 5-6 жылдан кейін еріп кетеді, тек сүйектері қалады. Ал ол бес мәйіт бес адамның өмірін сақтап қалады. Осыған бару керек. Қоғам түсіну керек. Егер де ол адам ана жерден тіріліп қайтып келсе, ол бір. Енді ол жоқ болған адам ғой, оның жаны Алланың қолында. Мына дене адамның киіп жүрген киімі секілді. Абайдың айтқан сөзі бар ғой «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес». Қиналып отырған адамдардың көз жасын сүртейік. Қол ұшымызды берейік. Онда тұрған ештене жоқ», – деп сөзін қорытындылады Досқалиев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<