Қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде болып, халықпен жүздескен шаһар басшысы Серік Қожаниязов облыс орталығындағы мөлтек аудандардың тұрғындарымен де дидарласты. Бұл кездесулер қаланың үш бөлігінде, яғни Жаппасбай батыр көшесінде, Шұғыла және Астана-4 мөлтек аудандарында өтті.
Алдымен қала әкімі тұрғындарға жыл басынан атқарылған жұмыстар мен алдағы міндет-мақсаттарды таныстырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен және аймақ басшысының қолдауымен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа сатыға көтеріліп, барлық көрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты.
Биыл жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 31,7 млрд теңге қаралды.Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Шаһардың көрікті келбетін қалыптастыру мақсатында 54 көше жарықтандырылып, 40 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Көпқабатты 25 тұрғын үй ауласындағы балалардың ойын алаңдарына күрделі жөндеу жүргізілуде.
Қазір Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Заманауи стадион, Қан орталығы, көпбейінді аурухана, теннис орталығы, музыкалық колледж, физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, оқушылар сарайы, шығармашылық академиясының құрылыстары қызу жүруде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 8 мектеп салынуда. Оның 5-еуі биыл аяқталып, 3 мектеп келер жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту жұмыстары бастау алды.
Жерлес кәсіпкер-меценаттар Болат Өтемұратовтың қолдауымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталуға жақын, Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен жаңғыртылып жатқан орталық алаң да алдағы күндері ашылады, – деп шаһар басшысы облыс орталығының орнықты дамуы барысын жеткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Қаладағы жаңа үйлердің бірі болса да, Жаппасбай батыр №72Е көпқабатты үй тұрғындары ауладағы көлік жолын кеңейтіп, аумақтағы кәріз құдығын тазартуды сұрады. Ал, Шұғыла мөлтек ауданы тұрғындары №24б көпқабатты үйді қайта жаңғыртудан өткізіп, құдық қақпақтарын жаңалауды ұсынды. Сол секілді №39 көпқабатты үйдің өжіресін ретке келтіру, №45 көпқабатты үй ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеу қажеттігін алға тартқан тұрғындар өздерінің де ортақ мүлікке жауапкеркершілікті сезінетінін айтты.
Бұған қала әкімі Серік Салауатұлы толыққанды түсіндірме жауабын беріп, оның орындалуын сала мамандарына тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<