Жас ғалымдар орталығы қажет

336

0

Жас ғалымдар орталығы қажет Қызылорданың дарынды оқушылары білім бәсекесінде бәйгені бермей тұр. Оңтүстік Кореяға аттанған төрт оқушы да жүлдемен оралды. Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жобалар байқауының бұл кезеңіне 12 мемлекеттің мыңнан тұлпар шыққан үздіктері қатысқан. Сейсенбі күні елге оралған оқушылармен, жетекшілері Қарлығаш Ақышевамен журналистер жүздесті.

І орын иеленген Дінмұхаммед Ақпан үш ғасыр мәселесі болып есептелетін Риманның гипотезасын шешіп, салдарын зерттеуге тырысқан. Шешімі табылмаса да, бұл есептің қасиетін, бұрын байқалмаған қырын әлем ғалымдарының алдында дәлелдеген. Ал Евгений Демиденко биологиялық процестердің 4Д модельдерін әзірлеп, І орын иеленді. Ол болашақта ІТ медицинаны дамытып, адамның жүйке жүйесімен байланыстырылған протез жасауды мақсат еткен.

Алдағы жылдары өзіміз жоқта үйден газдың исі шыққанын ұялы телефон арқылы білуіміз мүмкін. Себебі, Мағжан Бекетов компьютердің көмегімен газдардың концентрациясын анықтау жобасын қорғап, бұл байқауда ІІ орын алған. Диана Валишаева Арал маңындағы тұрғындардың гематологиялық параметрлерін түзету әдістерін зерттеген. Адамдардың денсаулығына ден қойған Дианаға ІІІ орын бұйырды.

Жиын соңында Дінмұхаммед Ақпан республика бойынша жас ғалымдардың орталығы құрылса деген тілек білдірді. «Біз өзіміз секілді ғылымға қызығатын жастарды ғылыми жобаларда көргеніміз болмаса, танымаймыз. Егер орталық құрылса бірігіп жұмыс істеп, мұнан да мықты нәтиже шығаруға болады», − дейді ол.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы». 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<