Жас бойындағы құлшыныс

3

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Жастардың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасындағы өзгерістің айқын көрінісі. Мен олардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенемін» деген болатын. Осылайша жастарға ғылым-білім жолында жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жас ұрпақтың патриотизмді қабылдау ерекшелігіне де тоқталды. Президенттің айтуынша, жастар елді сүюді жаңа іс бастау, халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашумен байланыстырады. Олар Қазақстанды өркениетті, дамыған мемлекет ретінде көргісі келіп, заманауи технологияларды меңгеруге ұмтылуда.

Жалпы елімізде жастар саясаты мем­лекеттік саясаттың маңызды құ­рамдас бөлігі болып саналады. Бұл сая­сат жастардың әлеуетін арттыруға, олардың білім алуына, кәсіби және жеке даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жастар – қоғамның ең белсенді әрі болашағы зор бөлігі бол­ғандықтан, оларды қолдау елдің тұрақ­ты дамуы үшін маңызды.

Өңірде жастар саясаты белсенді жүргізіледі. Соның ішінде Арал ау­да­ны жастары да жетістікке жетіп ке­леді. Жалпы ауданда тұрғын саны 78829 болса, оның 25743-і 14-35 жас ара­лы­ғында. Бұл – аудан халқының 31,2 па­йызын жастар құрайды деген сөз.

Жастар саясатын жүзеге асыру мақ­сатында жыл басынан бері бел­гі­ленген 12 бағыт бойынша 187 іс-шара ұйымдастырылып, оған 11 564-тен астам жас қамтылды. Бұл тура­лы аудандық қоғамдық даму бөлімі, «Жас­тар ресурстық орталығы» комму­нал­дық мемлекеттік мекемесінің ди­рек­торы Берік Сұлтаниязов кеңінен айтып берді.

– Жастар орталығы облыс әкімінің қолдауымен салынған, жаңа «Руханият орталығына» көшіп, өз жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруды бастады. Онда жастарға арналған ашық алаң, шығармашылық орта және қоғаммен байланыс орталығы қызмет атқаруда. Жаңа ғимаратқа қоныс ау­дарғаннан кейін жұмыс нақты жүйеленіп, барлық бағыт бойынша механизмдер енгізілді. Айтар болсақ, «Жас маман» жо­басы бойынша 21 кездесу, «Дін жә­не жастар» (24 кездесу), «Еріктілер мек­тебі» (23 мәдени-көпшілік шара), «Жас­тар қоғам назарында» 28 рейд жұ­мы­сы, «Мен спортты таңдаймын» 16 спорт­тық, «Жас кеңесші» 14 іс-шара, «Ашық есік» акциясы және кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлермен «Jas kasipker» жобасы бойынша 29 бейнеролик түсіріліп, тиісті шаралар ұйымдастырылды, – дейді ол.

Орталық директорының айтуынша, жастар әркез белсенді, аудандағы бар­лық іс-шараға қатысып, қалыс қалған емес. Олар жан-жақты әрі ізденімпаз. Қайырымдылық, қоғамдық жұмыстар мен көпшілік-мәдени жиындарға үлес қосуда.

Жұмыспен қамтуда жүйелі іс бар

Биыл «Мансап» орталығына аудан бойынша жұмыс іздеуші ретінде 6 914 адам тіркелген. Оның 1463-і – жастар (21,5 пайыз). Жыл басынан бері 443 жас тұрақты жұмысқа орналасса, жас­тар тәжірибесінен өтуге 380 жолдама берілген. Сондай-ақ 236 жас қоғамдық, 15 адам әлеумет­тік жұмыстарға тар­тыл­ған.

Биылғы «Жасыл ел» еңбек жаса­ғын­да маусымдық жұмыс жасаған жас­тар саны 110-ды құрады (Арал қаласы – 70, Сексеуіл кенті – 20, Жақ­сықылыш кенті – 20). Жастардың ең­бек жасақтары тазалық іс-шара­ла­ры­на белсенді қатысуда. Мұндағы мақсат – жастардың демалыс уақы­тын­да бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табуы ғана емес, өскелең ұрпақтың патриот­тық тәрбие алуы. Осы орайда жасақ жастары экологиялық білімді арттыру және қоршаған ортаның лас­­тануына жол бермеу, айналаны қоқыс­тан та­зар­тып, салауатты өмір салты мен ерік-жігерді шыңдау, еңбекке бау­лу шара­ларына белсене атсалысуда.

Ал жыл басында NEET сана­тын­дағы жастар саны 360 болса, қазір «Ман­сап» орталығымен бірле­сіп жүр­гізілген өзектендіру жұмыста­ры­ның нәтижесінде 107 жасты құрады. NEET санатындағы жастарға арнал­ған 13 рет бос жұмыс орындары жәр­мең­кесі өткізілді. Оның ішінде 8 ба­ла күтімінде, 7 студент, 29 өзін-өзі жұ­­­мыспен қам­тыған, 6 мекенжай бо­­йынша көшіп кеткен, 9 тұрақты жұ­­мысқа орна­ласқан, 42 жұмыссыз және 5 басқа қа­лада уақытша тұратын жастар бар.

Сонымен қатар, облыс әкімінің тап­сырмасына сәйкес, NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс жа­сау бойынша Арал ауданына 1585 жастың тізімі ұсынылды. Олар тұрғы­лықты мекенжайы бойынша кент және ауылдық округтерге бөлініп, же­ке адрестік жұмыстар жүргізілді.

Жас бойындағы құлшыныс

Нәтижесінде 1472 жастың жағдайы зерделеніп, қазіргі уақытта 113 жастың деректері анықталуда. Нақты айтар болсақ, 26 тұрақты жұмыстағы,   203 жұмыссыз, 253 өзін-өзі жұмыспен қам­тыған және жалдамалы жұмыста, 44 уақытша жұмыспен қамтылған, 192 студент, 458 мүмкіндігі шектеулі, 12 үй шаруасында, 43 бала күтімінде, 5 әскерде, 2 шетелде жұмыста, 8 оқушы, 17 өзге өңірдегі, 5  істі болған, 64 ме­кенжайы қате жас пен 35 жастан асып кеткендер 137-ні құрады.

Кәсіпке бет бұрғандар

Жыл басынан бері аудан бойынша 4984 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 1903 кәсіпкерлік субъектісі  жастарға тие­сілі. Жас кәсіпкерлерді қаржылық қолдау мақсатында мемлекеттік бағ­дарламалар мен қаржы ұйымдары ар­қылы 31 жоба қаржыландырылды. Бұ­дан бөлек, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант аясында жоба қорғаған 62 жас қайтарымсыз грант иеленді. Іскер жас­тар бизнес-жоспарын әзірлеп, сәт­ті қорғап, мемлекеттен қаржылай қол­дау­ға ие болды. Жас болса да ісі өрге басқандар  ұмтылысымен көпке үлгі. Олар табыс тауып ғана қоймай, өзі се­кілді қаншама жасты жұмыспен қам­тып отыр.

«Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында жыл кө­лемінде кент және елді мекен жас­та­рымен кездесу өткізілген. Онда мем­лекеттік бағдарламалар, тұр­ғын үй кезегіне тіркелу бойынша және кәсіп жасауға ниетті жастарға сала маман­дары тарапынан кеңестер бе­ріліп, тү­сіндірме жұмыстары жүр­гізілді.

«Арал ауданы бойынша жастар сая­сатын жүзеге асыру» әлеуметтік жо­басына 3 млн теңге қаржы бөлінді. Жастардың бос уақытын тиімді өткі­зу мақсатында спорттық және мәде­ни- көпшілік іс-шаралар тұрақты ұйым­дастырылуда.

Атап айтар болсақ, еркін күрестен аудандық турнир, ауыл жастары ара­сында қол күрес және гір тасын көтеру спорттық сайыстары, отбасылық эста­феталық сайыс, «AILAQ ACOUSTIC» жанды дауыста ән шырқау кеші, «Жай­дарман» лигасы, «Айбын» әскери-пат­риоттық сайысы, «Жұмысшы ма­ман­дықтар» жылына орай, «Үздік көр­­ме» байқауы, «Кітап оқы, жас дос!» кі­тап­құмарлар басқосуы, тарихи-өлке­тану мұражайларына экскурсия ұйым­дастырылды.

Бұдан бөлек жастар арасында құ­қық­бұзушылықтың алдын алу мақ­сатында құрылған мобильді топ та­ра­пынан 32 түнгі рейд жұмыстары тұ­рақты жүр­гізіліп, әлі де жалғасуда. Сондай-ақ әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарды анықтау үшін бір­лескен шаралар атқарылуда.

Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Жас Толқын» ерік­тілер тобы аудандағы ардагерлерге, мұқтаж жандарға көмек көрсетуде, қа­йырымдылық шараларында, сенбі­лік­терде белсенділік танытып келеді. Осылайша айналасына қамқорлық та­ныту олардың басты дағдысына ай­налған. Үлкеннен алғыс алып, көп­шіліктің ықыласына бөленген еріктілер тобы игі жұмыстарын жалғастыра бермек.

«Taza Qazaqstan» республикалық тазалық акциясында ерікті жастардың қатысуымен 1500 түп ағаш отыр­ғы­зылды. Атап айтар болсақ, «Рәміздер алаңына», ауған-тәжік соғысының ар­­дагерлеріне арналған ескерткіш, қа­ла аумағының кіреберісіне ағаш егі­ліп, күтіп-баптау жұмысын тың­ғылықты атқарып келеді. Осы орайда тазалық пен қоршаған орта мәдениетін дәріптеуге үлес қосқан еріктілердің еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн. Олар бұл іс өздеріне артылған үлкен жүк және оны жауапкершілікпен ат­қара беретіндерін айтады.

Жастар саясатының жүзеге асы­рылу барысы, олардың жетістіктері мен атқарылған жұмыстар жөнінде әлеу­меттік желіге 346 пост және 123 бейнеролик жарияланса, жергілікті бас­пасөз беттерінде 11 материал жа­рық көрді. Жалпы еліміздің ертеңі – жас­тар дейтін болсақ, әрине жастар сая­саты күн тәртібінен түспейтін мә­селе екені анық.  Осы ретте, аудан әкім­дігі тарапынан жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылып, алдағы міндет ай­қындала түскенін айтуға болады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»