Жас математиктер арасындағы халықаралық байқаудың ашылу салтанаты өтті

494

0

Бүгін Сыр елінде Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқаудың ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жас математиктерге сәттілік тіледі.

– Ел жастары қашан да қайсарлығымен, белсенділігі мен жарқын болашаққа ұмтылуға құштарлығы арқылы артылған сенім үдесінен шығып келеді. Өркениет жолында әлемдік дамудың биік белесіне көтерілу үшін білім мен біліктің орны қашан да ерекше.

Сондықтан, мемлекеттік жастар саясатын дамыту, жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру негізгі бағыттардың бірі. Бүгін өткізіліп отқан «Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер арасындағы халықаралық байқау» осы сөзімінің бір дәлелі, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Байқаудың мақсаты – жас математика мұғалімдерінің кәсіби шеберлігі пен шығармашылықтарын дамыту, мектеп оқушыларын математикалық сұрақтарға дайындау деңгейін және білім сапасын арттыру, жастардың арасында өзара достық қарым-қатынас қалыптастыру.

Кездесу барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, математик, профессор Асқар Жұмаділдаев ғылымды дамыту, жастардың ғылыммен айналысуына қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды. Жас математиктерге бүгінгі жарыста сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының әлеуеті, ғалымдардың академияға жұмысқа орналасуы, тәжірибе алмасуы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, ғылыми журналдар шығарып, медиа арқылы оқушылар мен студенттерді ғылымға қызықтыру өзекті екенін де жеткізді.

Дәстүрлі түрде өткізілетін байрақты бәсекенің халықаралық деңгейде өтуі, еліміздің соның ішінде Сыр өңірінің білім деңгейі мен математика ғылымының көрсеткіші жоғары екендігін айғақтайды.

Айта кетейік, бүгінгі білімділер додасында 100 қатысушы бақтарын сынауда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<