Жас мемлекеттік қызметшілер байқауы

340

0

Сырдария ауданында жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Дәстүрден тағылым» атты байқау ұйымдастырылды. Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің ұйытқы болуымен өткен шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшінің кәсібилігін, қоғамдық жауапкершілігі мен оң имиджін қалыптастыру.

Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға арналған байқауға қатысу үшін төрт жас мемлекеттік қызметші өтінім берген. Олар «Таныстыру», «Қазақ халқының дәстүрлері», «Білекті бірді, білімді мыңды жығады», «Өнер – өшпес өнеге» атты 4 кезеңнен тұратын байқау шарты бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар бейнеролик арқылы өздерін таныстырса, екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрден көріністер қойды. Осы кезеңде мемлекеттік қызметшінің бойындағы қасиеті мен тапқырлығы көрініс тауып, шараның мазмұнын аша түсті.

Байқаудың кезекті үшінші кезеңінде талапкерлер ой жарыстырды. Яғни, арнайы рубикта жасырылған ескерткіш-монументтердің суретін көрмей көмекшісі арқылы құрастырды. Ал, шешуші сәтте қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтып, би билесе, енді бірі ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа оқыды. Нәтижесінде, Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Ережеп Есенгелді үздік деп танылды. Ал, аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мейірхан Бақытжанұлы «Ұлт жанашыры», аудан әкімі аппаратының бас маманы Думан Бекмағанбетов «Үздік өнер», Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Мейірхан Ишанбек «Өнерлі мемлекеттік қызметші» номинацияларымен марапатталды.

Айта кетейік, мұндай байқау жыл соңына дейін кезең-кезеңімен барлық ауданда жалғасын таппақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<