Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен №10 дарынды балаларға арналған облыстық “Білім-инновация” лицей интернатында “Полицияның жас көмекшілері” отрядының І облыстық форумы өтті. Шараға облыстық ішкі істер департаментінің, денсаулық сақтау, білім, есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармалары мен “Жастар ресурстық” және “Сыр ұландары” орталықтарының, “Қызыл ай” қоғамының өкілдері қатысты.
Форумның басты мақсаты – білім және тәрбие беру бағытында мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен серіктестікті дамыту, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және құқықтық сана-сезімін арттыру.
Шара алдымен “Менің елімнің болашағы – менің қолымда” атты құқық бұзушылықтың, нашақорлық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған көрмеден бастау алды. Онда оқушылар өз ойларынан туындаған суреттерін көпшілікке ұсынды. Әрбір суретте жастарды теріс қылықтардан аулақ болуға шақыратын өзіндік бір идея бейнеленген.
Форумда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақзира Қасымова қатысушыларды құттықтады.
– Бүгінгі форумның барша жастар үшін маңызы зор. Себебі, “Полицияның жас көмекшілері” жасағына өткен әрбіріңіз жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда игі істер атқарып қана қоймай, ел жастарына үлгі бола білдіңіздер. Елбасы “Аға ұрпақтың өнегесі, орта буынның ерен істері және жастардың арасында сабақтастық болса ғана, біз мәңгілік ел боламыз” деген еді. Мектеп қабырғасындағы жас сақшылар мен аға буын сақшылары арасындағы осындай байланыс жас ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруде жақсы бастама болып отыр. Бұл бастама бұдан әрі де жалғасын табады, – деді ол.
Шара барысында жасақшылардың құрамы толысып, бірқатар жастар мүшелікке қабылданып, оларға төсбелгі тағылды. Өз кезектерінде мүшелікке жаңадан қабылданған оқушылар ант берді.
Жиын соңында әннен шашу шашылып, үздік эссе, плакат пен фотосурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Айта кету керек, қазақстандық патриотизмнің заманауи үлгісін қалыптастырып келе жатқан өңірдегі “Полицияның жас көмекшілері” жасақтары 2016 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Олардың алдына қойған мақсаттары мен жоспарлары, жүйеленген міндеттері бар. Қазіргі күні аталған жасақ 207 мектепте құрылып, онда 3 мыңға жуық оқушы жұмыс жасауда.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<