Жасанды контент: Күнгей мен көлеңке

6

0

Фото: egemen.kz

Цифрлық технологиялар дамыған сайын ақпарат тарату жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әсіресе жасанды интеллект арқылы жасалатын контенттің (мәтін, сурет, видео, аудио) көлемі күрт артты. Бұл жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап ететіні анық. Жасанды контенттің қоғамға әсері күшейген сайын, оның сапасы мен шынайылығына қатысты сұрақтар да өзекті бола түсуде.

Ең алдымен, жасанды контенттің басты қаупі – жалған ақпараттың таралуы. Кез келген адам арнайы құралдардың көмегімен шынайыға ұқсас мәтін немесе бейне жасап, оны көпшілікке ұсына алады. Мұндай жағдайда оқырман немесе көрермен ақпараттың рас-өтірігін ажырата алмай қалуы мүмкін. Бұл қоғамдық пікірге, саяси процестерге, тіпті адамдардың жеке өміріне кері әсерін тигізеді.

Фейк шынайы ақпаратқа қарағанда тез тара­лады. Оның себебі – мұндай жаңалықтар эмоцияға әсер етеді, мысалы, қорқыныш, ашу тудырады немесе таңғалдырады. Бүгінде тек фактчекинг бағытында ғана жұмыс істейтін журналистер бар. Олар редакцияларда немесе жалған ақпарат пен фейктерді анықтаумен айналысатын тәуелсіз ұйымдарда қызмет етеді.

Фактчекер – бұл ақпарат­тың шындыққа жанасатынын, дұрыс­тығын тексерумен айна­­лыса­тын журналист. Ол – қоғамдық тұл­ғалардың мәлімдемелерін, жаңа­лық­тарды, БАҚ және әлеуметтік же­лілерде жарияланған контентке талдау жасайды, зерттейді. Фейк  қандай мақ­сатта таралатынын және ақпаратты тек­серу тәсілдерін Factcheck.kz порталының фактчекері, журналист Жансерік Тілеухан айтып берген еді.

–        Заман өзгерді, уақыт өзгерді. Бү­гінгі таңда ақпараттық технология, ЖИ бар, әрбіріміздің қолымызда теле­фон бар. Егер әрқайсысымыз бір-бір контент жасаймыз деп шешсек, бар­лығы өз қолымызда. Бұның нәтижесі ақпарат­тың тым көп екеніне, нәтижесінде сапасыз, манипулятивтік ақ­параттың, пропаган­даның, мани­пулия­ция­ның, конс­пиро­логияның шексіз, шет­­сіз екеніне көз жеткіземіз. Соның арқа­сында бү­гінгі фактчекинг бұл бақы­лаушы журна­листиканың бір түріне айналды, яғни бүкіл әлемде фактчекинг ұйым­дары бар. Әрбір елде кем дегенде біреуден бар. Қазақстанда екеу. Біз 2017 жылы құрылдық. Орталық Азиядағы тұңғыш фактчекинг ресурс болдық. Әлі де сол деңгейдеміз. Қызметкерлеріміз украиналық әріптестерден дәріс алды. Одан кейін өз тәжірибемізбен бөлісіп, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде ашы­луына көмектестік.  IFCN халықаралық ұйымының құрамындамыз. Солардың стан­­­дарттарына сай жұмыс істейміз. Мы­са­лы, қандай да бір инсайдерлік ақ­парат, қандай да бір қауесетке сүйеніп ешқашан жаза алмаймыз. Біз егер Меtа плат­формаларда,  Instagram,  Facebook, Threads-та қандайда бір жалған ақпарат тараса, оны тексеріп, әлеуметтік желіде белгілей аламыз. Мынау жалған не рас деп, яғни кез келген ақпараттың салдары болады. Мысалы, коронавирус кезінде көптеген дизинформация тарады, вирусқа, вакцинаға, емге қатысты. Бірақ оның үлкен салдары бар. Мысалы, вакцина салдырудан жаппай бас тарту жалпы қоғамдық ден­саулыққа зиян келтіруі мүм­кін. Көрдіңіз бе, желіде тараған ақпараттың, физикалық өмірде салдары болғандықтан, Meta диз­информациямен күресудің үшінші тарап­тық, яғни фактчекерлермен серік­тестік жо­басын жасаған. Бұл халықаралық деңгейде, Еуропада, Моңғолияда, АҚШ-тың өзінде болған, қазір тоқтатып қойды, – дейді.

Ақпараттың фейк екенін қалай анық­таймыз және тексереміз? Фактчекер кез келген ақпаратқа сүзгімен қарау қажет екенін айтады. Демек, әр адам сыни тұрғыда ойлануға дағдылану керек.

– Ең алдымен, біздің санамыз өте үл­кен ресурс екенін түсіну қажет. Сананы сыни ойлауға дағдыландыру керек. Сұрақ қоя білу, оған күмәнмен қарау – бұл негізгі қарапайым ереже. Әр фейкке әртүрлі құралдарды қолдануға болады. Барлық адамда телефон бар, соның ішінде көпшілікке пайдалы болатын Photo Sherlock деген қосымшаны айтар едім. IOS, Android-та қолжетімді, соны жүктеп алу керек. Google, Яндекс Image search іздеу жүйесі, TinEye қосымшасы арқылы кез келген суретті, видеодағы детальдарды скрин жасап, іздеп Қазақстанда болып жатыр ма, жоқ па, тексеруге болады. Одан бөлек, RevEye браузерге арналған плагин орнатуға болады. Онда фото тексеруге арналған құралдары кіріктірілген. Ақпаратты тексеретін Қазақстанда Factchek.kz, Stopfake.kz сияқты сайттар, мемлекеттік органдардың ресми мәлімдемелері сенімді дереккөз деп айтар едім. Егер адам фейк ақпаратпен кезіксе, яғни белгілі бір деректің шынайы екеніне күмән келтіріп тұрса, мемлекеттік органдарға жүгінуіне, олардың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, сол ақпаратты тексеруіне болады, не бізге хабарласып, көмек сұрауына болады,  – дейді маман.

Жасанды контенттен келген зиян үшін кім жауап береді? Контентті жасаған адам ба, әлде оны таратқан платформа ма? Қазіргі таңда бұл сұрақ көптеген елде заңнамалық деңгейде қарастырылып жатыр. Кейбір мемлекеттер жасанды интеллект арқылы жасалған контентті арнайы белгілеуді міндеттеуде. Бұл – пайдаланушылардың ақпаратты дұрыс қабылдауына көмектесетін қадам. Factcheck.kz порталының бас редакторы Думан Смақовтың айтуынша, жалған ақпаратты жіберіп алатын көбіне аймақтық ресурстар емес, орталықтандырылған, яғни Алматыдан, Шымкенттен, ресурс тара­татын сайттар. Олар көп жағдайда жал­ған ақпаратты таратып алады да, кейін оны өшіріп тастайды. Бірақ одан аймақтық ресурстар опық жеп жатады. Орталықтандырылған ресурс таратқан ақпаратқа сіздер сілтемемен өтесіздер, ол жоқ болып шығады. Мұндай жағдайлар өкінішке қарай жетерлік. Бұл этика мәселесімен реттеледі. Қазір біз TikTok желісімен де келісімге келуді жоспарлап жатырмыз. Жасанды интеллект арқылы жасалатын видеолар көбіне Tikтok, Instagramда таралады. Дипфейк техноло­гиясымен жасалатын, мысалы өлі адамды тіріліп немесе шенеуніктер, артистер арқылы бір ақпаратты айтқызып, ЖИ-мен роликтер таратады. Жақында «Жасанды интеллект» туралы заң қабылданды. Жаңа заң бойынша мұның барлығына жа­санды интеллект арқылы жасалған деген белгі қою керек. Егер белгі қойылмаса, оларға айыппұл салынады, тіпті қызметін тоқтатуға дейін апарады. Жалған ақпаратқа қатысты екі бап бар. Бұл «Көрінеу жалған ақпарат тарату» деген Қылмыстық кодекстің 274-ші бабы, яғни 3 мың АЕК-тен 5 мың АЕК-ке дейін немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бұл – БАҚ үшін тікелей қауіпті баптардың бірі. Өйткені абайсызда таратып қойғанның өзінде журналист не редактор опық жеп қалуы мүмкін. Екіншіден, Азаматтық әкімшілік кодексте абайсызда жалған ақпарат таратқаны үшін 90 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу бар. Бұл тікелей сізге салынбаса да, редакцияның репутациясына сын, абыройына нұқсан, – дейді ол.

Сонымен қатар, этикалық жауап­кер­шілік те маңызды. «Жасанды кон­тент адам намысына тиетін, қоғамда алауыз­дық тудыратын немесе жалған түсінік қалып­тастыратын сипатта болмауы тиіс. Контент жасаушылар мен оны пайдаланушылар ақпараттың салдарын ойлап, саналы түрде әрекет етуі қажет» деп санайды Қорқыт ата атындағы университеттің «Жасанды институт» директоры Нұрлан Құлмырзаев.

– Жасанды контенттің шынайы ақ­параттан айырмашылығы – оның тілінде. Ол археизм тілімен сөйлей алмайды, тек хаттамалық ресми тілмен сөйлейді. Жа­санды интеллект тапсырмамен ғана орын­дайды. Кейінгі кезде мынадай қауіптер болуда, көп жағдайда үлкен мәліметтермен жұмыс ісетегенде, мысалы министрлікте әртүрлі аймақтан келген ақпаратты жинап, ЖИ арқылы тезис жазады. Ал ол жерде қате кету қаупі басым. Айталық, жобаның атын басқаша жазып жіберуі мүмкін. Ол әрі қарай жаңалыққа шығып кетсе, сол негізгі ақпарат көзі болады да келесіде генерацияланғанда қате күйінде жазылады. ЖИ өзі генерациялаған текстінде өзі оқып кете беретін болса, үлкен фейк әлемге өтіп кетеміз, яғни өзінен-өзі сөздерді әсірелейміз деп, негізсіз жазылған сөздерге алданып, бір күні түбірін ұмытып қаламыз. Бүгінде редакторлар өзіне келген әр ақпаратқа фактчекинг жасамаса, онда өз-өзіне, яғни глюценацияға алданған үлкен әлемге өтіп кетеміз. Соңғы бір айдың ішінде өзіміз сондай екі ақпараттан зардап шегіп отырмыз. Екі түрлі ақпаратты біріктіріп, генерация жасаған адам оның мәніне қарамай, бір-бірімен шатастырып жіберген. Енді соның ара-жігін ашу бізге жүктеліп отыр, – дейді.

Иә, жасанды контент – заманауи қоғам­ның ажырамас бөлігіне айналды. Ол үлкен мүмкіндіктермен қатар, зор жауапкершілікті де жүктейді. Сондықтан бұл салада құқықтық реттеу, этикалық нормаларды сақтау және ақпараттық сауат­тылықты арттыру  қажет. Жыл ба­сында Мемлекет басшысы қол қойған заңда жасанды интеллектке қатысты жауапкершілік және бақылау қағидаттары бекітілді. Соған сәйкес, меншік иелері мен пайдаланушылар жасанды интеллект жүйелерін қолдану кезінде өзінің атқаратын рөліне қарай жауап береді. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін кейбір әрекеттерге тыйым салынды. Мәселен, жеке деректерді заңсыз жинау немесе өңдеу, түпнұсқалық, манипуляциялық тәсілдер қолдану, құқық­тық тәртіпті бұзатын басқа да әрекеттер. Енді жасанды интеллект арқылы жасалған бейне немесе суреттер міндетті түрде таңбалануы тиіс. Заң әлемдік тәжірибеге сүйенген. Сондай-ақ ұлттық жасанды интеллект платформасын құру және дамыту үшін негіз болады. Ең бастысы, заң адамға зиян келтіруі мүмкін ЖИ-дің кейбір әрекетіне нақты тыйым салады. Азаматтың келісімінсіз оның мінез-құлқына ықпал ететін ЖИ жүйесін қолдануға, адамның жасы, денсаулығы немесе әлеуметтік жағдайын әдейі пайдалануға, әлеуметтік мінез-құл­қы мен жеке қасиеттеріне қарай баға беруге, эмоциясын келісімінсіз тал­дауға, заңда рұқсат етілмеген жағдайда қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға, тыйым салынған жасанды нәтиже жасау мен таратуға қатаң шектеу қойылады.  Бұл нормалар жасанды интеллекттің адам өміріне кері әсерін азайтып, технологиялардың этикалық және қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуді көздейді. Еліміз осылайша ЖИ саласында адам құқын бірінші орынға қойған әлем елдерінің қатарына қосылып отыр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»