Жасөспірімдерді әскери есепке алу ісі автоматтандырылды

494

0

Сурет ашық дереккөзден

Енді жасы 17-ге толған қазақстандықтар әскери комиссариатқа барып есепке алынбайды. Аталған процесс автоматтандырылған. Әскерге баратын жастарды есепке алу жұмыстары туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоның Telegram каналына сілтеме жасап.

«Әскери есепке алуды алып тастаудың басты мақсаты осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыру. Жалпы есепке алу екі мақсатты көздейді. Бірінші, 17 жастағы жасөпірімдерді есепке алу. Екіншісі жасөспірімнің әскери қызметке жарамдылығын, яғни денсаулық жағдайын білу. Біз ақпараттық жүйені модификациялау және оны басқа да мемлекеттік органдардың жүйесімен интеграциялау арқылы 16-60 жастағы ер азаматтарды есепке алдық. Есепке алынған азаматтардың барлық жеке деректері бар. Осылайша азаматтарды есепке алуды онлайн жүзеге асырып отырмыз», – деді Дархан Ахмадиев «Онлайн-брифинг» бағдарламасында.

Вице-министрдің айтуынша, жасөспірімдердің денсаулық жағдайын анықтау сала министрлігінің құзыретінде.

«Денсаулық сақтау министрлігі 15-17 жастағы жасөспірімдерге жыл сайын скрининг жасайды. Яғни мамандар жеткіншектердің денсаулық жағдайын бақылап отырады. Бізге ақпараттық жүйені интеграциялаудың арқасында жасөспірімдердің денсаулық жағдайына қатысты деректер қолжетімді. Мамандар ұсынған мәліметтерге сүйене отырып біз жасөспірімнің әскерге жарамдылығын анықтаймыз», – дейді ол.

Сондай-ақ, Д.Ахмадиев аталған жаңашылдық бюджеттің миллиардтаған қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Жергілікті әкімдіктер жасөспірімдерді әскери тіркеу жұмыстары мен оны ұйымдастыруға қаражат бөлетін», – дейді министрдің орынбасары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<