Жастар бастамасы: Даму мен серпін

7

0

Кеше облыстық жастар ресурстық орталығында «Жастардың бастамасы: даму мен серпін» атты облыстық жастар форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, сала басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, белсенді жастар, аудандық жастар ресурстық орталығының басшылары, жас кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының мүшелері қатысты.

Форумды облыстық жастар ресурстық орта­лығының директоры Әліби Басаров жүргізді. Алдымен атқарылған жұмыстар жөнінде бейнеролик көрсетілді.

Форумда облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет шығармашылыққа, спорт­қа бейім және әлеуметтік бастамаларда бел­сенділік танытатын жастарды қолдау қашанда маңызды екенін атап өтті.

– Бұл форум – жас ұрпақтың арманы биік, идеясы көп, бастамашылдығы белсенді екенін көрсетуге, олардың қабілетін танытуға арналған тиімді алаң. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жастардың кәсіби және рухани әлеуетін арттыру – елдің болашағын нығайтудағы басты міндеттердің бірі. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында» деген болатын. Біздің өңір – әр салада өзіндік жетістіктерімен ерекшеленетін дарынды жастардың мекені.

 Сыр елінің жастары спорт, шығармашылық, ғылым мен мәдениет саласында да жетістікке жетіп келеді. Солардың жарқын үлгісі ретінде грек-рим күресінен Әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғалиды атауға болады. Спортта жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етіп жүрген жастар – біздің мақтанышымыз. Облыс әкімінің бастамасымен өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бірқатар заманауи ағартушылық және мәдени нысандар ел игілігіне берілді. Атап айтар болсақ, «Өнер орталығы», «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Отбасы», «Анаға тағзым» орталығы, «Оқушылар сарайы», тарихи-өлкетану музейі және «Теннис орталығы» жастардың білім, өнер, спортқа деген қызығушылығын арттыруға, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сондай-ақ жастарға арналған кездесулер, іс-шаралар олардың әлеуетін танытуға, шығармашылық белсенділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосуға бағытталған тиімді платформа екенін атады.

Әрі қарай түрлі салада еңбек етіп жүрген және белсенді жастар облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істер комитетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Форумда баяндама жасаған  жас кәсіпкер, кү­рішші Нұрдәулет Болатбек өзі еңбек ететін «Тюрешова» ШҚ-ның жұмысы туралы айтты. Ата­кәсіппен айналысқан ол мал, егін шаруа­шы­лы­ғын дамытуда. 2011 жылдан бастап «Сыбаға» бағ­дарламасының игілігін көріп, мал басын еселеген. Егін шаруашылығында заманауи техни­каларды қолданып, өнім көлемін ұлғайтқан. Берекелі ісі арқылы ауыл жастарын жұмыспен қам­тып отыр. Енді ол алдағы уақытта мемлекеттік қол­дау тетіктерін тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейт­пек. Сондай-ақ өзі секілді жастарды мем­лекет ұсынып отырған мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситеті Жасанды интеллект институтының «Киберқауіпсіздік» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Нұрбол Оңалбеков фишинг пен цифрлық алаяқтыққа қарсы интеллектуалды қорғаныс жүйесін ойлап тапқан.

Оның айтуынша, қазір цифрлық мүмкін­діктермен қатар, цифрлық қауіптер қатар дамуда. Фишинг, жалған сайттар, әлеуметтік инженерия сияқты цифрлық алаяқтық түрі күрделеніп, қоғамға зиян келтіреді. Оның ішінде жастар, қарттар мен цифрлық қауіпсіздікке толық бейімделмеген қолданушыларға бұл мәселе өзекті.

– Біз PhisGuard Al Extension жобасын әзірлеуге кірістік. Бұл – фишинг пен цифрлық алаяқтыққа қарсы нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін интеллектуалды қорғаныс жүйесі. Жоба жасанды интеллект технологиялары негізінде күмәнді сілтеме, сайт, хабарламаны талдап, қолданушыға дер кезінде ескерте алады, – дейді студент.

Сондай-ақ ол жастар ресурстық орталығы, облыстық полиция департаменті және «GRAND Master» бағдарламалау мектебінің бірлесе отырып бекіткен үшжақты меморандумға сәйкес «Кибер-волонтер» жобасы аясында білімін жетілдіріп, жетістікке жеткенін айтты.

«Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инно­вациялық академиясындағы жүзу және фитнес үйірмесінің жетекшісі Нұрқанат Алдаберген жастарды салауатты өмір салтына баулып жүр.  Бастапқы кезде топта 4-5 адам болса, қазір олардың саны 150-ге жеткен. Осылайша спортқа ынталы жастарды біріктіретін  үйірме жұмысын жандандырған. Бұл жөнінде кеңінен әңгімелеп, жас буынды ерте кезден спортпен айналысуға дағдыландыру керектігін жеткізді.

Мұнан бөлек жиында «Студенттер альянсы» қозғалысының ҚОФ төрағасы, «Сыр волонтері» қозғалысының жетекшісі Расул Базарханұлы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша жетекшісі Елена Пак және республикалық ақындар айтысының «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар баяндама жасап, өңір жастарын қолдау бағытындағы бастамалар жемісті екенін жеткізді.

Форум екі секциялық бағытта, атап айтқанда «Жастар және мемлекеттік басқару: болашақ көш­басшылары», «Жасанды интеллект: Кибер­қауіп­сіздік» тақырыбында  диалогтік алаң өткізілді. Онда қатысушылар тәжірибе алмасу, орталық жұмысын жетілдіру сынды мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлер айтты.

Облыстық жастар ресурстық орталығының дирек­торы алдағы атқарылатын жобаларға да тоқталды.

Форум аясында жас қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда түрлі бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»