Жастар – ел дамуының тірегі

369

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Достық үйінде «Сыр елі – достық мекені» республикалық ассамблея жастары форумының пленарлық мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі, облыстық ҚХА төрағасы Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, Ғылым және білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан қатысты. Шарада Қазақстан халқы ассамблеясының  30 жылдығы мен жастар тақырыбы кеңінен талқыланды.

Пленарлық отырыста облыс әкімі екі күнге жоспарланған форум   жұмысына сәттілік тілеп, Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен құттықтады.

– «Сыр елі – жыр елі, ұлт руханияты мен мәдениетінің алтын діңгегі. Сыр – Алаштың анасы, астаналар мекені, адамзаттың айға ұшар арманын орындаған қасиетті жер. Киелі топырақта Түркі жұртының абызы Қорқыт бабадан бастап, ел тарихынан ойып орын алатын қаншама тарихи тұлғалар, қайраткерлер, мәдениет майталмандары мен әдебиет өкілдері дүниеге келген.

Мұнан кейін аймақ басшысы Президент пен Үкіметтің қолдауымен өңірде қолға алынған байыпты бастамалар мен жасампаз жобаларға тоқталды. Сонымен қатар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасқанын атап өтті.

– Биылғы ассамблеяның мерейлі жылы аясында баршамыз үшін қуанышты жаңалық – Қызылорда қаласында құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын жаңа «Достық үйі» салынуда. Бұл – аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысып келе жатқан этномәдени бірлестіктер үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген заманауи ғимарат болады. Тағы бір ерекше жаңалығымыз, алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні облыс орталығынан құны 11 млрд теңгені құрайтын «Шығармашылық академиясы» ашылады.

Дәл осы күні Қызылорда қала­сынан құны 6 млрд 300 млн тең­геге қайта жаңғыртудан өткен за­манауи демалыс паркі ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деді облыс әкімі.

Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова бүгінде жастар ассамблеясы ауқымды жобаларды жүзеге асырып келетінін айтты.

– Бұл жобалар Қазақстан хал­қы ассамблеясының кадрлық ре­зервін қалыптастыруға, ха­лық­­ара­­лық қатынастар мен қо­ғам­дық-саяси жұмыс саласында көш­бас­шы­лар дайындауға бағыт­талған. Жас­­тар ұйы­мының белсенді дамып келе жатқан волонтерлік әлеуеті ту­ралы айтпай кетуге болмайды. Тө­тенше жағдай кезінде олар бір кі­сідей жұмыла білді, – дей келе, ас­сам­блеяның 30 жылда қол жет­кіз­ген табысын тізбектеді. Қазір ас­самблея кеңесші-консультативтік ор­ганнан Конституциялық инс­титутқа айналғанын және Пар­ла­менттік өкіл­дік құқығына ие бол­ғанын атап өтті. Парламентте ұлт­тық бірлікті нығайту және қо­ғамдық келісім мәселелерімен айна­лысатын жаңа депутаттық бір­лес­тік құрылғанына және оның ерек­шелігіне тоқталды.

Форум отырысында Ғылым және білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бір­­лестігінің төрағасы Тимур Жұ­мырбаев еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына жастардың қо­сатын үлесі зор екеніне тоқталып, оларға табыс тіледі.

 *

Жалпы екі күнге жоспарланған республикалық форумға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам белсенді қатысуда. Делегация өкілдері түске дейін «Достық үйінде» этномәдени бір­лестіктердің төрағалары ұсынған ұлттық дәмнен ауыз тиіп үлкендер­дің ақ батасын алды. Шараның ашылу салтанатына облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов қатысып, жастарды жігер­лендірді.

Форумның алғашқы күнінде Қор­қыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің «Kyzylorda Hub» коворкинг орталығында «Жасанды ин­теллект: оның мүмкіндіктері мен әлеуеті» тақырыбында бірінші сек­­­ция жұмысы өтті. Секция жұ­мы­­сына Ғылым және білім ми­нистр­лігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төр­ағасының орынбасары Ақерке Абы­лайхан қатысып, ҚХА 30 жыл­ды­ғымен құттықтап, министрлік та­ра­­­пынан жастарды қолдауға ба­ғыт­­­­талған жұмыстарға тоқталды. Со­нымен қатар, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университеті жа­нынан «Сту­денттік Ассамблея» ор­та­лығы ашылып, оның төр­аға­лы­ғына өңірлік «Ассамблея жас­тары­ның» белсендісі Исмаил Маха­динов тағайындалды.

«Болашақ» университетіндегі сек­­­циялық отырыс тақырыбы жұ­мыс­­­шы мамандықтардың маңыз­ды­­лығын арттыруға, жастардың кә­­сіп­тік бағдарын айқындауға ар­налды. Шараға әр өңірден келген жұ­­­мысшы мамандық иелері мен сту­денттер қатысып, университеттің инфра­­құрылымымен, арнайы каби­нет­­термен, жылыжай жұмы­сымен та­нысты. «Жастар ресурстық орта­лы­ғында» жалғасқан секциялық оты­рыста достық пен ынтымақты нығайту жолдары талқыланды.

Мұнан соң «Жасыл болашаққа жастармен бірге!» ұранымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің ботаникалық бағында ағаш отырғызу акциясына ұласты.

Пленарлық отырыстан соң форум қатысушылары үшін Қызыл­орда қа­ласының ел астанасы бол­ғанына 100 жыл толуына орай экс­курсия ұйым­дастырылды.  Айта кету керек, 8 сәуір күні «Қорқыт ата» мемориалды кешені мен «Бай­қоңыр» ғарыш айлағына да арнайы экскурсия жалғасады. Онда жас­тар ҚХА-ның 30 жылдығының эмблемасы бейнеленген тудың ға­рышқа ұшырылғанына куә болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ