Жақында Ресейдің Мәскеу қаласында өткен «Адам – Жер – Ғарыш» деп аталатын қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми – зерттеу жобаларының 19-Жалпыресейлік «Созвездие» олимпиадасына қатысып, жеңімпаз болдым. «Созвездие» олимпиадасы экологиялық бағытта ойлайтын, сауатты, эстетикалық талғамды және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс- шараларға ұмтылысы бар тұлға қалыптастыруды мақсат еткен.
Сапар барысында туған өлкем – Қызылордамнан мыңдаған шақырым қашықта болғаныммен, сондағы жаңа ортама, өзге елден келген жаңа достарыма Қызылордамды, Қазақстанды таныстырып, дәріптеумен болдым. Ғылыми жобамды қорғау, барысында қазылар алқасына Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер» өлеңін оқып бердім. Залда отырған әр елдің озық ойлы, озат жасөспірімдері қошемет көрсетті. Мәскеу қаласына аттанар алдында отбасыма, достарыма міндетті түрде жеңімпаздар қатарында көрінемін деп уәде берген болатынмын. Уәдемді орындап, тиесілі орнымды алып қайттым.
Осы аптада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба конкурстарының жүлдегерлерімен кездесуінде болдым. Облыс басшысы заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенетінін айтты. Жастарға уақыт талабына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеру туралы кеңес берді. Кездесуге келген барша қатарластарым сияқты мен де одан әрі шыңдалу, ізденіс пен оқу-үйренуді жалғастыру керектігін ойыма тоқыдым.
Келесі жылы мектеп бітіремін. Алға мақсат қойып, оған жету үшін жоспар жасадым. Мақсатым – М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне оқуға түсу, қалаған мамандығымды игеру, ата-анамның, маған сенім артқан ұстаздарымның үмітін ақтау. Ол үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.
Қуаныш БӨРІБАЙ,
«Мұрагер» мектебінің
10-сынып оқушысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<