Топ-баннер2

Жасұлан Керімқұлов – филиал директоры

6

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Оған жауапты сала басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы осы уақытқа дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры лауа­­зымын атқарған Жүнісов Ерұлан Бақтыбайұлын зейнет жасына жетуіне байланысты құрметті еңбек демалысына шығарып салып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын, «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен Алғыс хат табыстады.

– Ерұлан Бақтыбайұлы өңіріміз ар­қылы өтетін республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту, логистикалық дәліздерді жетілдіру, жол апаттарын азайту бағытында нәтижелі жұмыс атқарды. Республикалық маңызы бар жол құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтауда уақытпен санаспай, күндіз-түні қызмет етті.

Президентіміздің тапсырмасымен басталған «Қызылорда – Жезқазған» авто­жолы құрылысының өңірімізге тиесілі бөлігінің уақытылы пайдалануға берілуіне зор үлес қосты.

Сізге зор алғысымыз бен ізгі ниетімізді білдіреміз. Деніңіз сау, әр күніңіз шат­тыққа толы болсын! – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұйры­ғымен акционерлік қоғамның Қызылорда облыстық филиалы директоры лауа­зымына тағайындалған Керімқұлов Жасұлан Махамбетұлын таныстырды.

– Әріптесіміз 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында инженер ретінде бастаған.

2019-2020 жылдары Көлік министр­лігі Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орта­лығының» Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры қызметін атқарған. Жеке секторда және мемлекеттік меке­мелерде түрлі басшылық лауазымдарда болған.

Жасұлан Махамбетұлы аймағы­мыз­дағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін арттырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­мобиль жолының Қызылорда-Ақтөбе бөлігін қайта жаңғырту жобасын сапалы іске асырып, мерзімінде пайдалануға беруді қамтамасыз етеді деп сенім артамыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Басқосуда облыстық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, еңбек ардагері Өмірбек Шәменов сөз сөйледі. Ерұлан Бақтыбайұлын зейнет жасына жетуімен құттықтап, жаңа басшыға сәттілік тіледі.

«СБ» ақпарат