Қызылорда қаласы кейінгі жылдары адам танымастай өзгерді. Ескіріп тозығы жеткен, негізгі көшелердің көркін бұзған көпқабатты үйлердің барлығы дерлік заманауи материалдармен қапталды. Сәулеті көз тартатын әлеуметтік нысандар салынды. Көшелердің көпшілігі жаңадан асфальтталды. Жаяу жүргінші жолдары жаңартылды. Жылу, су, кәріз құбырлары ауыстырылды.
Әрине, шет аймақтарда жол, жарыққа қатысты мәселелер әлі де баршылық. Ол да ретімен шешілер, жаймен шешіліп те келе жатыр.
Шынын айту керек, төрт жылда жиырма жылға татырлық жұмыс жасалды. Сол жағалауда Астанадағыдан кем емес көпқабатты үйлері бар, сәулеті келіскен шағын қала бой түзеді. Әрбір қызылордалық өз қаласының даму қарқынын, тазалығын мақтан тұтатындай дәрежеге жетті. Қызылорда тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы, әдемі, таза қалаға айналды.
Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен оның командасының тынымсыз еңбегінің арқасы екенін барлығымыз жақсы білеміз. Орталықтан өңірге қаржы әкелу, сырттан инвестиция тарту – өте қиын, табандылық пен ізденісті қажет ететін шаруа. Аймақ басшысының іскерлігі, ұйымдастыру қабілеті, шеберлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесінде өңірге көп қаржы тартылды. Оның пайдасын халық көріп отыр.
Әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар бір жөнге келген соң, қаламызды көгалдандыру қолға алынды. Бұл оңай жұмыс емес, дегенмен мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Жол бойына ағаштар, гүлдер, жасыл желек егілуде.
Осындайда көпқабатты үйлердің айналасына ағаш егу мәдениетін сол жердің тұрғындары қалыптастырса, ортақ игілікке біркісідей жұмылса деп ойлаймын. Қазір – нағыз көшет егетін кезең. Сондықтан әр тұрғын кем дегенде екі ағаштан егіп, оны өздері суарып-баптайтын болса, қаламыз жасыл желекке оранатыны сөзсіз.
Қаланың сәні – тек әдемі ғимараттар ғана емес, жасыл желек. Сол жағалаудағы шаңы бұрқырап жатқан жерге салынған Orda Sсhool мектебінің аумағын айналдырған үш жылдың ішінде көгалдандырып қойдық. Бұл – кез келген адамның қолынан келетін жұмыс, үлкендер бастаса, жастар қоштап, өскелең ұрпақ содан үлгі алатынына сенімім мол.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
мемлекет және қоғам қайраткері





