Жауынгердің сүйегі туған жерге 80 жылдан кейін жеткізілді

647

0

Сұрапыл соғыста жат жерде қалған қазақ сарбаздарының сүйектері әлі де табылып жатыр. Бүгін 1941-1945 Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясы, Ленинград облысының аумағында қызыл әскер қатарында борышын өтеп Отан қорғау жолында қаза тапқан жерлесіміз Дәдікбай Құлтасовтың сүйегі туған жеріне жеткізілді.

Шараға аудан әкімі М.Ергешбаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасы А.Жакипов, облыстық «Ерлік» үйлестіріу кеңесінің төрағасы Қ.Баймаханов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және Дәдікбай Құлтасовтың ұрпақтары мен туыстары қатысты.

Жерлеу рәсімінің алдында өткізілген митингте аудан әкімі сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің жанкешті ерлігі жас ұрпақ үшін өшпес өнеге екендігін айтып, Дәдікбай Құлтасұлының өмір жолы мен тарихи деректерге тоқталып өтті.

Ленинград облысында Суворов атындағы ресейлік іздестіру тобы біреудің бақшалық жерінен екі жауынгердің мәйітін тапқан. Соғыс кезеңінде әрбір жауынгердің мойнында гильза болған. Онда сарбаздың аты-жөні, қай жерден соғысқа аттанғаны туралы мәлімет жазылады екен. Мұның қан майданда қаза тапқан жауынгердің кім екендігін анықтауға септігі тиген. Десе де көбісі мұны жаман ырымға балап, лақтырып тастайтын көрінеді. Ленинград табанынан табылған қос жауынгердің бірінде мұндай гильза болмаған. Сондықтан оның кім екендігі белгісіз. Ал екінші жауынгерден гильза табылып, онда «Култасов Дажекбай. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет. Жена – Култасова Бачжан. Кызылординская обл, Теренузекский район, №5 аул совет» деп жазылған.

Шарадан соң қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгердің сүйегі туған жері Шаған ауылындағы қорымға арулап жерленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<