И.Ильин атындағы саябақта Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі мен «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» мекемесінің мамандары бірлесіп турнир ұйымдастырды.
Аталған шараға қалалық бөлім мамандары мен Қ.Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының жаттықтырушылары, пробация қызметінің инспекторлары және орталық қызметкерлері қатысты.
Шарада пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар қол күресі, гір тасын көтеру және ләңгі тебуден өзара жарысып, мықтыны анықтады.
– Алдағы уақытта да мұндай спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мақсатымыз – пробация қызметінде есепте тұрғандарды түрлі іс-шараларға тарту. Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілетін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы, – деді «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» мекеме басшысының орынбасары Орынбасар Әділ.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Зарина БИСЕКОВА,
«Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды
әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы»
КММ психологі






