ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ЖАН-ЖАҚТЫ ӘЗІРЛІК ЖАСАЛДЫ

326

0

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА ЖАН-ЖАҚТЫ  ӘЗІРЛІК ЖАСАЛДЫ Балалардың жазғы демалысы жылдағы дәстүр бойынша қала сыртындағы және облыстан тыс аймақтарда орналасқан лагерьлерде, мектеп жанындағы күндізгі тынығу және табиғаттағы шатырлы лагерьлерде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, оқушылар үйлеріндегі дебаттық клубтар мен аула клубтарындағы үйірмелерге және спорттық секцияларға, көркейту-көгалдандыру, құрылыс-жөндеу бригадаларына тарту, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастыру шаралары қамтылады.

Аймақта жазғы  демалыс  қала, аудан сыртын­дағы 9 лагерьде 7 ауысым­да ұйым­дастырылады, оның 6-ы жыл бойы жұмыс жасайды.

Осы жылы облыс бойынша 1-10 сынып аралығындағы 140464 баланың 136160-і жаз­ғы тынығумен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде,  қала, аудан сыртындағы  жұмыс жасай­тын 9 лагерьде қамтылатын бала саны 9327 болса, мектеп жанындағы тынығу лагерьлері және басқа да тынығу орындарына қамтылатын бала саны 111167 болып отыр. Ал кәсіподақ пен демеушілер және ата-аналар  есебінен  15666 бала жазғы демалыспен қамтылатын болады. Бұл жалпы оқушылардың 97 процентін құрайды. 

Айта кетейік, өткен жылмен салыстырғанда, биыл жазғы демалыста лагерьлерде тынығатын балалардың саны біршама артқан. Мысалы, «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында» өткен жылы 7 ауысымда 840 бала жазғы тынығумен қамтылса, биыл 980 бала тынығатын болады. Сол сияқты, «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында өткен жылы 840 бала тынықса, биыл демалатын бала саны 875-ті құрап отыр. Ал қаладағы «Арай-Санрайз» лагерінде де ауысым саны көбейіп, былтыр 1080 бала  демалса, осы жылы 1260 бала тынығады.

Жалпы, жазғы лагерьлер 1 маусымнан жұмысын бастайды. Айта кетейік, биылғы жазда облыс көлемінде балаларды дамыту, сауықтыру,  білім беру, психотерапевтік, коммуникативтік қызмет көрсететін 485 мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасайды деп жоспарлануда. Оған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстағы мәдени-тарихи орындарға, ескерткіштерге, ескі қалаларға, өлкеміздің көрнекі жерлеріне 18840 балаға экскурсиясы ұйымдастырылады. Ал облыстан тыс аймақ­тардағы орналасқан лагерьлерде мұнай ком­панияларының қолдауымен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасының  балалары  тынығатын болады.

Балалардың жазғы демалысында бірінші мәселе – олардың қауіпсіздігі. Осыған орай,  лагерь басшылары мен білім бөлімдерінің жауапты қызметкерлері  «Балдәурен» респу­бликалық оқу-сауықтыру орталығында жазғы кезеңдегі балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері бойынша білікті­ліктерін арттырды. Сол секілді, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандарымен бірлесе  қажетті шаралар қолға алынып, барлық лагерьлердің ауласына, үй-жайларына залалсыздандыру, зарарсыздандыру жұмыстары және ағымдағы жөндеу жұмыстары  жүргізілді.

Айталық, Жаңақорған ауданындағы «Облыс­тық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына» 17,5 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеуден өтсе, Арал ауданындағы «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында» көркейту-көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, 1500-ден аса тал егілді. Сонымен қатар, 2006 жылдан бері өз шешімін таппай келген Қармақшы ауданындағы тынығу лагерінің құрылысы басталып,  жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сай лагерь құрылысы биылғы жылдың күзінде аяқталатын болады.

Жазғы демалысқа санаулы күндер ғана қалды. Сондықтан әзірлік жұмыстары аяқта­лып, облыс аумағындағы лагерьлердің барлығы талапқа сай жабдықталды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, 136160 баланың жазғы демалысын жақсы өткізуіне толық мүмкіндік бар. Әсіресе, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету бағытында балаларды сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру  мәселелеріне  ерекше көңіл бөлініп отыр.

                                                                                                                                                                      Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.                                                                                       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<