Жазықсыз жапа шеккендерді ақтау – парызымыз

1145

0

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялағанын ақпарат көздерінен оқып, білдік.
Өткен ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқының тарихында естен кетпейтін, ауыр да азапты кезең болғаны белгілі.

Солақай саясаттың салдарынан Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. Қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 100 мыңға жуықтаса, соның 20 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.


Ел Президенті тұтас ұлттың тағдырына әсер еткен, сан мыңдаған адамның өмірін қиған бұл жылдар ұмытылмау керек екендігін баса айтты.

– Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым.


Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады, – деді Мемлекет басшысы.


Иә, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету, қилы кезеңді ұмытпау, тәуелсіздікті баянды етуге ұмтылу бүгінгі ұрпақтың парызы.

31-мамыр Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде және филиалдарында онлайн форматта шаралар өткізілуде. «Жазықсыз жазаланғандар», «Зұлмат жылдар» атты экскурсия, бейнелекциялар, Мемлекет және қоғам қайраткері Сералы Лапиннің өмірі мен қызметіне арналған «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты бейнелекция, виртуалды көрмелер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланды.

Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекетті комиссия құруды тапсыруы ел үшін өте жақсы бастама болды. Тарихын түгендеп, тұлғаларына ұлықтаған ел ғана жарқын болашақты жасай алады.

Асылхан Асуатов,

Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің қор сақтаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<