ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРА

786

0

ЖЕДЕЛ-ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРА
Қызылорда облысында «Дельта-Сырдария» арнайы бөлінісі мен республикадағы үздік мамандардың қа­тысуымен «Көкнәр-2018» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болды.
Аймақ басшысы ағымдағы жылдың 4 айында облысымызда есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 43 пайызға азайғанын атап өтті. Дегенмен, өңіріміздегі есірткі қылмысының таралу тенденциясы алаңдаушылық туғызып отыр.
– Есірткі айналымын құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің құпия түрде қолдайтыны ешкімге жасырын емес. Полиция мен басқа да құқық қорғау органдарындағы кейбір қызметкерлердің өздері қылмыс жасап, есірткі заттарын тұтыну фактілері анықталып отыр. Өткен жылы бірқатар құқық қорғау органдарының қызметкері қамауға алынды. Бұдан әрі облыстағы құқық қорғау органдарында «оборотень в погонах» атанған ондай қылмыскерлерге орын болмауы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Облыстық ІІД бастығы Қайрат Мұхитов профилактикалық шара­ға дайындық барысы туралы баяндап берді. «Көкнәр-2018» осы жылдың маусым-қазан айларында республика бойынша «Дельта-Сырдария» арнайы бө­лінісі, есірткі бизнесімен күрес жөніндегі басқармасының 2 жедел-іздестіру тобы, «Бүркіт» арнайы жасағы, жергілікті полиция қызметі, кинологиялық қызмет орталығы, көші-қон полициясы қызметкерлерінің қатысуымен өткізілмек. Облыс орталығы мен әр ауданда  жедел-іздестіру топтары құрылып, жылжымалы мобильді бекет, автотехника, тікұшақтар, ішкі істер органдарының байланыс телефондары көрсетілген жады­намалар мен бірлескен жұмыс жоспары әзірленді, өзге де қажетті дайындық шаралары ұйымдастырылды.
Ведомствоаралық комиссия отырысы қорытындысында облыс әкімі іздестіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды. Бұл шараға жауапты орган басшылары барынша ықпал етуі тиіс. Сонымен қатар, аудан әкімдеріне 28 маусым – Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай тақырыптық іс-шаралар өткізу жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<