Желтоқсан айында кейбір қазақстандықтар үшін ұялы байланыс пен интернет бағасы қымбаттайды

156

0

Фото: radimich-ru.livejournal.com

Қазақстандық байланыс операторы кейбір тарифтер бойынша бағаны көтеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Facebook қолданушысы Юлия Минчик Kcell және Activ абоненттерінде тариф көтерілгенін хабарлап, жазба арнады. Оның сөзінше, байланыс операторлары тариф бағасын көтергенше, қызмет көрсету сапасын дұрыстағаны жөн.

«Activ және Kcell компаниясы тариф бағасы көтерілгенін айтып хабарлама жолдады. Тарифті 13 желтоқсаннан бастап көтереді екен. Алдымен сапалы қызмет көрсеткендеріңіз жөн еді», – деп жазды ол.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Kcell (Activ брендінің иесі) компаниясына сауал жолдады. Компания мәліметінше, 13 желтоқсаннан бастап 18 Kcell және Activ тарифтік жоспарларының құнын реттеу жоспарланып отыр.

«Тариф құнының орташа өсуі ағымдағы тарифтік шарттарға байланысты 6-дан 25 пайызға дейін (орта есеппен 400 теңге) көтеріледі», – деп хабарлады Kcell.

Компания Kcell мен Activ тарифтік саясаты нарық конъюнктурасына байланысты қалыптасатынын мәлімдеді.

«Біздің тарифтің құны жыл сайын өсіп келеді. Электр энергиясының қымбаттауы тарифтің құнына тікелей әсер етеді. Мәселен, бір базалық станция орташа есеппен 20 пәтердің электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар, валюталық бағамның өзгеруі де көрсетілетін қызметтердің құнына әсер етеді. Өйткені желіні жаңарту және қолдау үшін қажетті жабдықтар шетелден сатып алынады», – деді компания.

Компания мәліметінше, тарифтік саясат нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасады.

«Егер біз сапалы байланысты қамтамасыз еткіміз келсе, инфрақұрылымды дамытуға орасан зор ресурстар жұмсауға мәжбүрміз. Контент тұтынудың өсуіне байланысты интернет-трафикке деген сұраныс айтарлықтай артты. Соның арқасында желіге жүктеме түседі. Бұл өз кезегінде жылдамдық пен байланыс сапасының төмендеуіне әкеледі. Байланыстың жоғары сапасын сақтау үшін операторлар желіні дамытуға үнемі инвестиция салып отыруы қажет», – делінген хабарламада.

Байланыс операторының хабарлауынша, тарифтердің өсуі инфрақұрылымды қолдау және дамыту қажеттілігімен тікелей байланысты. Бұл қаражат желіні кеңейтуге және жаңартуға жұмсалады. Бұл өз кезегінде байланыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Осылайша, уақыт өте келе инвестициялардың арқасында байланыс сапасы жақсарады дейді.

Айта кетейік, бұған дейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Kcell ұялы байланыс операторын жекенің қолына беруді ұсынғанын мәлімдеген еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<