Жеміс ағаштары егілді

1033

0

Қазалы ауданында көктемгі көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстары басталғалы біршама уақыт өтті. Әйтеке би кентінің орталық көшелері мен алаңдарда, саябақтарда жер аударып, көшет отырғызу жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Біз кент орталығындағы әулие әрі батыр, халқымыздың дарабоз перзенті Нұрмұхамедұлы Жанқожа бабаға арналып тұрғызылған еңселі кесенеге барғанымызда күн алабұлттанып тұр еді.

Кесене шырақшысы, Жанқожа батырдың тікелей ұрпағы Дәурен Әбдіхалық кешегі сенбіде аудан әкімі М.Оразбаев бастаған ел азаматтары кесене аумағына қара өрік, сары өрік, шие, алма, жүзім тәрізді жеміс ағаштарын, ал жексенбіде республикалык Орман селекциялык тұқым өсіру орталығының  оңтүстік  батыс аймақтық филиалы (питомник) ұжымы қосымша жеміс ағаштары мен осы өңірінде кездесе бермейтін шығыс бозаршасы (туя), көпжылдык гибискус гүлін еккенін ризашылықпен жеткізді. Осылайша, көктем айы басталғалы Жанқожа батыр кесенесінің аумағына 110 түп  жеміс ағашы отырғызылыпты.

Жағымды жаңалық мұнымен шектелмеді. Республикалык Орман селекциялык тұқым өсіру  орталығы мешіт аумағында  арнайы тал егетін жер дайындап, түрлі ағаш көшеттерін, оның ішінде әсемдік (декаративті) ағаш көшеттері – айлант, катальпа, клён көшеттерін отырғызып, түрлі гүл тұқымдары себіліпті. Мұны естігенде мекеме басшылығына, ұжым мүшелеріне әсіресе, Мөлдір есімді қарындасымызға деген ризашылық сезімі кеудемізді кернеді.

Кесене аумағына егілген көшеттердің күтімі де назардан қалыс қалмапты. Бұны кент әкімі Қайрақбай Орынбасаров тікелей қадағалауына алыпты.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы