Жеңілдетілген несиемен мыңнан астам автокөлік сатылды

820

0

16 мамырда Қазақстанда автокөлікке жеңілдетілген несие бағдарламасы енгізілді. Төмен пайызбен көлік алғысы келетіндер саны күн санап артып келеді. Алғашқы күндері ірі қалалардағы автосалондарда ұзын-сонар кезек пайда болды. Қазір жағдай тұрақталды. Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, бүгінде 1 мыңнан астам көлік сатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бағдарлама жүзеге асып жатыр. Алғашқы күндердегідей қалың кезек бүгінде байқалмайды. 31 мамыр таңертеңгі жағдай бойынша 23 719 өтініш түсіп, оның 9 918-і мақұлданды. Бұл – 73,3 млрд теңге. Барлығы 1 188 автокөлік берілді», – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі Қайрат Еламанов.

Айтуынша, халық арасында беріліс қорабы автоматты түрдегі бюджеттік көліктер жоғары сұранысқа ие.

«Көлік құнына келетін болсақ, бағдарлама оның бағасына әсер еткен жоқ. Бірақ, өткен жылмен салыстырғанда биыл кейбір үлгілерге түзетулер енгізілгенін ескертемін. Бұл әлемдегі геосаяси жағдайға, теңге бағамының ауытқуына, логистикалық қызметтердің қымбаттауына, сондай-ақ бірқатар экономикалық себептерге байланысты», – деп түсіндірді спикер.

Сонымен қатар, ол бүгінде дилерлік орталықтарда көлік тапшылығы жоқ екенін тілге тиек етті. Алматыдағы автосалондардың бірінің даму жөніндегі директоры Александр Абрамовтың айтуынша, жеңілдетілген несие бағдарламасына бастапқыда танымал корей көлігінің бірнеше үлгісі енгізілген.

«Бүгінгі таңда жеңілдетілген бағдарлама бойынша төлеуге 2 мыңға жуық шот-фактура шығарылды, оның ішінде 300-ден астам автокөлік рәсімдеу сатысында. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша 130-ға жуық көлік сатылды. Клиенттер негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан», – деді ол.

Сонымен қатар, спикер автокөлік сататын орталықтарда қосымша жабдық алуға мәжбүрлеу заңсыз және оған тыйым салынғанын баса айтты.

«Егер клиент осындай жағдайға тап болса, онда ол 7007 нөмірі бойынша автоорталық қолдау қызметіне хабарласа алады», – деді Александр Абрамов.

Еске салайық, Қазақстанда автокөлікке жеңілдетілген несие беру 16 мамырда басталды.

Бағдарламаның негізгі шарттары мынадай:

– Бір жеңіл автокөлікті қаржыландыру сомасы 10 млн теңгеден аспайды;

– Бір заемші екі жылдың ішінде бір рет қана автокөлікті жеңілдетілген несиемен ала алады;

– қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды;

– бастапқы жарнасы – 0%;

– көлік құралының құны 15 млн теңгеден аспауы қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<