Жер кодексінде не өзгерді?

494

0

Жер кодексінде не өзгерді? Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Жер кодексі осы жылдың 20-мамырынан бастап күшіне енді. Жаңа заңда елдің талап-тілегі ескерілген. Жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу, жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, шекаралық аймақтарда жерді беру талаптары туралы облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов мәлімдеді.

 

Елбасы тапсырмасы бойынша, Жер реформасы жөніндегі комиссия 2016 жылы республикалық деңгейде құрылды. Комиссия мүшелеріне жүктелген міндет айқын: Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар халықтың талап-тілегіне негізделуі қажет.

Қайта түрленген кодексте ел алаңдаған ең маңызды мәселелердің түйіні тарқады. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер жеке меншікке сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер тек қазақстандықтарға жалға беріледі және оның жаңа тәртібі белгіленген. Бұрын мұндай жерлер аукцион арқылы бөлінсе, енді жаңа заңға сәйкес тек конкурс арқылы беріледі. Осыған дейін аукционға шығарылатын жерді жергілікті әкімдік белгілесе, енді жергілікті жердегі қоғамдық кеңестер, ұлттық палата өкілдері мен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың келісімі арқылы ғана жер әкімдік бекіткен конкурсқа шығарылады.

– Жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірлерін ескеру маңызды. Сондықтан, жаңа заң бойынша, жер комиссиясының құрамына енгізілетін салалық қоғамдық бірлестік, қоғамдық кеңес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері жер комиссиясы мүшелерінің елу пайызын құрауы керек.

Заңға енгізілген өзгерістің бірі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің «бір қолда» болуының шекті мөлшері белгіленеді. Бұрын қолданыстағы заң бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді бір адамның иеленуінің ең төменгі мөлшері белгіленгенмен, ең жоғарғы мөлшері жоқ болатын. Сондықтан «қалталы азаматтар жердің көбін өздері иеленеді» деген сынды пікірлер айтылды. Енді әр облыстың әкімшілік аудандары жергілікті жердегі даму ерекшеліктерін ескеріп, бір адамға берілетін ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің ең жоғарғы мөлшерін белгілейді. Олардың мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкімет бекітеді, – дейді Қанат Жұмағамбетұлы. 

Бұдан былай мемлекеттік шекараның белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке тұлғаға да, заңды тұлғаға да берілмейді. Аталған жерлерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы қорғау мен күзетуге берілгендіктен, сол аумақта тұратын халықтың малы жайылуына, шөп шабуға ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ құрылыс салуға болмайды. Сондай-ақ, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін беруге қатысты шектеулер тек қана ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты қойылыпты. Шекаралық белдеу ұғымынан бөлек, шекаралық аймақ деп аталатын жер бөлігі де бар. Мұндай аймақта жер учаскесі тек ел азаматтарына ғана жалға берілетін болады.

Ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншік құқығындағы шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына, шетелдік заңды тұлғаларға берілмейтіні де кодексте айтылған.

Заңда ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу де көзделген.

 – Жергілікті халыққа сауын мал басын ұстау үшін жайылым алқаптарын белгілеу туралы норма жасалуда. Мұндай жайылымдарды Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жалға беруге тыйым салынатын болады. Сонымен қатар, бұрын елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендіктен, әкімдерге ол жерлерді мемлекеттік мұқтаждығын шешуге қажетті деп, қайта алуға мүмкіндік берілді,-дейді Қанат Нұрманов.

Конкурс арқылы берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін қоспағанда, Жер комиссиясының оң қорытындысы бір жылға дейін жарамды болмақ. Бірақ осы кезге дейін жер алған тұлғалар жаңаның емес, бұрынғы заң тәртібіне бағынады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы».

 

  

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<