Жер қойнауынан қазына іздеген

7

0

Сәуір айының алғашқы жексенбісі – Геолог күні. Бұл – жер қойнауының құпиясын зерттеп, табиғаттың терең қатпарларында жатқан байлықтың ізін табатын мамандардың мерекесі. Көпшілік геологты қолына балға ұстап, дала кезіп жүретін маман ретінде елестетеді. Алайда бүгінгі геология – ғылым мен технологияның, төзім мен тәжірибенің, ізденіс пен ерік-жігердің тоғысқан тұсы.

Сыр өңірінде геология саласы­­ның тарихы терең. 1927 жылы ел астанасы Қызыл­ор­дада Қазақстан­дағы алғашқы гео­логиялық орган – ҚазАКСР Үкі­меті жанындағы КСРО Геология коми­тетінің өкілдігі ашылған. Ал 1928 жылы академик И.Губкин Аралдың те­ріскей-шы­ғы­сындағы Оңтүстік Тор­ғай иінін­де мұнай қоры болуы мүм­кін еке­нін алғаш болжаған. Ке­йін бұл өңірде бұрғылау, барлау, зерт­теу жұмыстары қарқын алып, Сыр бойы жер қойнауын игерудегі ма­ңызды аймаққа айналды.

Бүгінде сол дәстүр жалғасып, Сыр топырағында геология са­ла­сын таңдаған жастардың қатары ар­тып келеді. Солардың бірі – жас маман Эльдар Бадретдинов. Оның ай­туынша, бұл мамандыққа келуіне қызығушылық пен отбасы кеңесі себеп болған.

‒ Мамандық таңдағанда көп ой­ландым. Әкеммен ақылдаса келе геология саласын таңдадым. Кейін осы бағытқа түскен соң, оның өте қызық мамандық екенін түсіндім. Алғашқы күндерден-ақ бұл саланы жақсы көріп кеттім, – дейді ол.

Геология – тек дәрісханадағы бі­ліммен шектелмейтін сала. Бұл ма­мандықтың шынайы бейнесі дала жағдайында, зерттеу сапарларында, табиғатпен бетпе-бет келген сәтте ашылады. Жас маманның айтуынша, алғашқы тәжірибелік сапарлар оның бұл кәсіпке деген көзқарасын мүлде өзгерткен.

‒ Қаратаудағы алғашқы тәжіри­белік сапар мен үшін үлкен мектеп болды. Бір апта бойы шатырда тұр­дық. Бұған дейін ондай өмір салтына үйренбеген едім. Бірақ дәл сондай сәттер адамды шыңдайды екен, – дей­ді ол.

Эльдардың жадында қал­ған са­парлардың бірі – Қырғыз­стан­дағы Ыстықкөл өңіріне жасалған зерттеу жұмысы. Таулы аймақ, ұзақ жол, аптап ыстық – мұның бәрі гео­лог мамандығының сырт көзге бай­қа­­ла бермейтін қырын көрсеткен. Оның сөзінше, бұл саланың ең күр­делі тұстарының бірі – дала жағ­дайына және үйден жырақта жү­ру­ге бейімделу. Дегенмен, дәл осы қиын­дықтар маманның мінезін қалып­тастырады.

Қазіргі геология бұрынғыдай тек балға мен далалық дәптерге сү­йе­нетін сала емес. Бүгінде геолог ма­мандар жер қойнауын зерттеуде дрондар, спутниктік түсірілімдер, 3D-картография, геоақпараттық жү­йелер (GIS) мен сандық модельдеу секілді озық технологияларды ке­ңі­нен пайдалады. Бұл құралдар пай­далы қазбалардың орналасуын дәл болжауға, жер бедерін жан-жақ­ты талдауға және қауіпті ай­мақ­тарды алдын ала анықтауға мүм­кіндік береді. Сонымен қатар, жа­санды ин­теллект те геология са­ла­сына ба­тыл еніп, мыңдаған гео­логиялық де­ректерді саралап, кен орын­дарының ықтимал нүктелерін анық­тауда үл­кен рөл атқарып отыр.

Қазір нейрожелілер мен маши­налық оқыту әдістері арқылы бұ­рын еленбей келген жерасты құ­ры­­­лым­дары мен геохимиялық заң­­ды­­лық­тарды табу әлдеқайда же­­ңіл­­деді. Мәселен, арнайы алго­ритм­­дер спут­­никтен немесе сейс­ми­калық бар­лау нәти­желерінен алын­­ған де­рек­терді жылдам өңдеп, гео­­лог­­тарға нақты шешім қабыл­дауға кө­мек­теседі. Соның арқасында уақыт та үнемделеді, қаржы да аз жұмсалады. Алайда техника қанша жерден да­мыса да, даланың желі мен шөліне төзіп, тау мен тасты жаяу кезетін геологтың көзі мен тәжі­рибесін еш­бір құрылғы ал­мас­тыра алмайды. Өйткені жер­дің тынысын сезіну, мі­незін тану, та­биғаттың астарлы бел­гісін байқау әлі де адам зердесі мен кәсіби түйсікті қажет етеді. Сондықтан бүгінгі геология ‒ тех­нология мен табандылық, цифрлық дәлдік пен далалық төзім тоғысқан заманауи ғылым саласы.

Аймақта геология саласының да­муына жоғары оқу орындарының да үлесі зор. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2018 жылдан бері «Геология және пай­далы қазбалар кен орындарын бар­лау»,  «Тау-кен ісі» бағыттары бо­­йын­­ша мамандар даярланып келеді. Қазір бұл салада күндізгі бөлімде 129 білім алушы оқиды, ал 76 сту­дент қашық­тан білім алуда. Был­тыр бұл бағытқа 40 талапкер қабыл­дан­ған. Университеттің өндіріс орын­дарымен байланысы да мықты. Сту­денттер түрлі мұнай-газ және тау-кен мекемелерінде тәжірибеден өтіп, болашақ мамандығымен ерте та­ны­сады.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті инжинирингтік тех­но­­логиялар кафедрасы білім беру бағ­дарламасының жетекшісі Нұржан Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі басты міндет – жас маманды тек теория­мен емес, нақты өндірістік ортамен ұштастыра даярлау.

‒ Бүгінгі геология саласы заман талабына сай, бәсекеге қабілетті ма­мандарды қажет етеді. Сондықтан біз білім алушыларды тәжірибе ар­қы­лы шыңдауға ерекше мән бере­міз, – дейді ол.

Геолог болу – жай ғана кәсіп таң­дау емес, төзімді, табанды, ізденімпаз жандардың жолы. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық ел байлығын танып, оны игілікке айналдыруда айрықша орын алады.

Бағлан АЙҒАЛИҰЛЫ,

«Сыр бойы»