Қостанайда полиция қызметкерін мас үш ер адам балаларының көзінше ұрып-соғып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға кезінде түсірілген видео желіде тарады. Кадрдан үш адамның формадағы қызметкерге шабуыл жасап, ұрып-соққанын көруге болады. Бір кезде полицей жерге құлап, ер адамдар оны тепкілеуге көшеді.
Мәліметке сәйкес, жанжалға полицейдің ескерту жасауы себеп болған. Полиция қызметкері әлгі үш адамнан өздерін дұрыс ұстауды сұраған. Алайда жауап ретінде үш адам оған жұдырық ала жүгірген. Ал сол сәтте полицейдің жанында балалары болған.
Балалар зардап шеккен жоқ. Қазір полиция қызметкері амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
“Барлық шабуыл жасаған азамат анықталып, ұсталды. Билік өкіліне шабуыл жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілердің әрқайсысы толық көлемде жауапкершілікке тартылады”, – деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаменті.






