Жерлесіміздің тарихи жетістігі

6

0

Фото: Спортшының жеке мұрағатынан

21-30 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында ересектер арасында Әлем чемпионаты өтті.

Дүниежүзілік додада кикбоксингтен Қа­зақстан құрамасының мүшесі, қызылор­далық Нұрасыл Ті­лектесов 51 килограмм салмақ дә­режесінде төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарын ай­­қын басымдықпен жеңді. Сөй­тіп, екі жылда бір рет ұйым­дас­тырылатын кикбоксинг спор­тынан тұң­ғыш рет екі дүркін Әлем чемпионы атанды. Бұл – Қы­зылорда облысының тарихында жерлесіміз қол жет­кізген тұңғыш тарихи жетістік.

– Жарысқа 85 елден мыңға жуық өкіл қатысты. Мен Түр­кіменстан, Украина, Венгрия жә­не Әзер­бай­жаннан келген қар­сы­ластармен сынға түстім. Қай-қайсысы да өте мықты болды. Дегенмен, бә­рін айқын басым­дықпен жеңдім, – деді Нұрасыл Тілектесов.

21 жастағы чемпион Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­ситетінде оқып жүр. Ол бұ­ған дейін Азия және Әлем ку­бок­тарының, Қазақстан Рес­пуб­ликасының бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанған. Талантты спортшы осылайша ел мерейін талай мәрте асқақтатып үлгерді.

Бұл жолғы жаһандық жарысқа онымен бірге Қызылорда облысынан тағы бір кикбоксшы Диас Қарманов қатысып, 2-орынды еншіледі.

Айта кетейік, Нұрасылдың ал­ғашқы жат­тықт­ырушысы Нұрбек Жармаханов болса, қа­зіргі жеке бапкері – Қайрат Байқуатов.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»