Тараз қаласында осымен сегізінші жыл қатарынан өткен Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауының қорытындысы жарияланды. Бұл туралы Жамбыл облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан хабарлады.
Байқауды Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Заң» медиа-корпорациясы ұйымдастырды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысушыларды құттықтады. Сонымен қатар кешке елімізге белгілі қаламгерлер, құқық қорғау саласының ардагерлері, журналистер мен қала тұрғындары қатысты.
Биыл байқауға 70-тен астам туынды келіп түскен. Шешуші кезеңде соның арасынан іріктеліп шыққандарды белгілі журналист, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жетекшілік еткен қазылар алқасы сараптап, үздіктерді анықтады.
Үздіктер қатарында жерлестеріміз де бар. Атап айтқанда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов ІІ, республикалық 24.kz телеарнасының тілшісі Шернияз Жалғасбекұлы ІІІ орынды иеленді. Ал Қызылорда облыстық «Дегдар-ньюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Үйтолған Жареке Жамбыл облыстық сотының арнайы жүлдесімен марапатталды.
Айта кету керек, Кемел Тоқаев атындағы бұл байқаудың мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, детектив жанрын дамыту, әдебиет арқылы әділдік пен адамгершілік қағидаттарын насихаттау.
«СБ» ақпарат





