ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пойыз апатына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Комиссияның басшылығы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Таңертеңнен бері эксперименттік шаралар жүргізілді. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі нұсқалдар сөз болып жатыр. Осы орайда бүгінгі эксперимент барысында пойыздардың жанама соқтығысуы алдын ала расталмады. Қазіргі кезде барлық себептер зерделенуде», – деп тоқталды ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр теміржол бойындағы қозғалыс қалпына келтірілгенін еске салып өтті.
Ж. Қасымбектің атап өтуінше, пойыз апатының мән-жайына қатысты және өзге сұрақтарға байланысты арнайы баспасөз мәслихаты өтеді.
«Зардап шеккендер мен қаза болған адамға қатысты өтемақы бойынша шешім ҚТЖ-мен бірлесе жасалады. Жалпы, тексеру шаралары тиісті уақытты қажет етеді», – деді Жеңіс Қасымбек.
Мұнымен қоса ол комиссия өкілдері пойыз машинисінің іс-қимылдарына да баға беретінін жеткізді.
«Кез келген көлік құралы, яғни теміржол жолаушылар құрамы міндетті түрде қажетті жөндеу жұмыстарымен және басқа да шаралармен қамтылады. Атап айтқанда, бұл талаптар қатаң түрде орындалады. Егер де пойыз жолға шықса, онда осы көлік техникалық тұрғыда дұрыс болғанын білдіреді», – деді Ж. Қасымбек.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысында Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған болатын.
Сәл кейінірек «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комииссия құрылғанын жария еткен еді.
Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің дерегі бойынша, түрлі жарақаттармен Шу аудандық орталық ауруханасына 14 жолаушы жеткізілді.
Қазір емдеу мекемесінде 48 жастағы Астана тұрғынынан басқасы өз еріктерімен ауруханадан шыққан. Зардап шеккен Астана тұрғынының екі аяғы сынып, ем қабылдап жатыр, деп түсіндірді өңірлік ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Сәуле Мұнатаева.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<