Жетісайда қарбыз пісті

289

0

Фото: Жетісай ауданы әкімдігі

Жетісайлық диқандар алғашқы өнімді Ресейге экспорттап жатыр. Аудан аумағындағы 4 мың гектар жерге қарбыз еккен шаруалар биыл мол өнім аламыз деп жоспарлап отыр.

Атамекен ауылдық округіндегі «Павел» шаруа қожалығы 9 гектар егістікке 20 жылдан бері бақша дақылдарын егіп келеді.

Биылғы жылы да мұндағы диқандар қарбыздың ерекше күтімді қажет ететін «Виктория» сортын сәуір айының басында еккен болатын. Қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде пісіп жетілген қарбыздан мол өнім алынады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ағын суды үнемдеу мақсатында енгізілген тамшылатып суғару әдісі өнімнің артуына да септігін тигізіп отыр.

«Алғашқы өнімді қазір Ресейге жіберіп жатырмыз. Кейін сұранысқа қарай өзге де өңірлерге жібереміз. Жылдағыдан шығын көп болғанымен бағасы да жоғары болып тұр. Қазір келісін 150-170 теңге аралығында сатып жатырмыз. Тамшылатып суғару әдісін қолданатындықтан ағын судан, минералды тыңайтқыштардан қиындық көрмедік. Өнімділік те ойдағыдай», – деді шаруа қожалық төрағасы Асан Мубинов.

Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың гектар жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар жерге жоңышқа дақылын еккен.

«Аудандағы 20,1 мың гектарға егілген бақша дақылдарының 4 мың гектары қарбыз. Биылғы жылы 600 мың тоннадан астам бақша өнімдері жиналады деп жоспарланып отыр. Былтырғы жылы да бақша дақылдарынан жоғары деңгейде өнім алынып, облыста үздіктердің қатарынан көрінгенбіз», – деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<