Жезқазған-Қызылорда автожолы 3,5 жылдың ішінде салынып бітеді

681

0

 Биыл Қызылорда мен Жезқазған қалаларын жалғайтын ұзындығы 420 шақырымдық жолдың құрылысы басталады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – өте өзекті мәселе. Бүкіл Қызылорда облысының, Қазақстанның оңтүстігінің тұрғындары осы жолдың ашылуын күтіп жүр. Жезқазған-Қызылорда жолының ұзындығы 420 шақырымды құрайды. Жобалық барлық құжаты дайын, үйлестіру кеңесінен өттік. Қаржыландыру институттарымен қаржыландыру мәселесін келістік. Биыл осы жолдың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Шынымен де бұл жол Кеңес заманында, 70-шы жылдары салынған. Қызылорда мен Жезқазғанды жалғайтын бұл жол жарамсыз болып қалды десек те артық емес. 3,5 жылдың ішінде жолды салып шығуды көздеп отырмыз. Сол кезде Қызылорданың, Оңтүстік Қазақстанның тұрғындары осы қысқа жолмен жүре алады», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол аталған жолдың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екендігін баса айтты.

«Құрылыс жұмыстарын осы жылы бастап кетеміз. Барлығы мақұлданған», – деді Бейбіт Атамқұлов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<