Астанада өткен Alem TechFest – 2026 республикалық технологиялық фестивалінде Қызылорданың Қорқыт ата университетінен барған LUPIC командасы «RoboCup Rescue» санатында бірінші орынды иеленді. Команда Unitree Go2 робот-итін автономды режимде жүргізетін жасанды интеллект жүйесін жасап, күрделі трассаларды сәтті еңсерді. Роботтың аты – Жезтабан. Команда капитаны – Жасанды интеллект институтының CPAI-24-1 студенті Ернұр Қанат. Құрамында Аян Нұрлыбекұлы мен Дархан Серікбаев бар.
Уақыт өте тығыз командаға бар болғаны үш күн берілген. Оның екі күні жобаны жасау мен роботты тестілеуге кеткен, ал соңғы күні финал өткен. Осындай қысқа уақыт ішінде олар дайын роботты жай қозғалатын техника емес, айналаны көріп, түсініп, шешім қабылдайтын жүйеге айналдыруға тырысқан.
LUPIC командасы негізгі екпінді компьютерлік көруге қойған. Жезтабанға камера арқылы айналаны танып, кедергіні байқап, жолды өзі таңдауға мүмкіндік беретін алгоритм жазған. Жоба ROS2, Python, OpenCV кітапханалары арқылы жасалған. Команда роботтың операциялық жүйесіне кіріп, моторлар мен негізгі бағдарламалық бөлігіне өз логикасын енгізген. Мұндағы мақсат – роботты қайта құрастыру емес, дайын платформаға жаңа қабілет беру.
Жобаның негізі қарапайым көрінгенімен, орындалуы қиын. Жезтабан алдындағы шамамен бір метр аумақты бағалап отырған. Егер оның алдында қабырға, орындық, шабадан немесе қабырғаға ұқсас кедергі тұрса, жүйе оны қауіпті аймақ ретінде қабылдаған. Ал егер бос болса, алға жүрген. Сол арқылы Жезтабан трассада өздігінен бағыт таңдап отырған.
Ернұрдың айтуынша, сырттай қарағанда бұл код аса күрделі көрінбеуі мүмкін, бірақ шын мәнінде барлығы нақты есеп пен жылдам реакцияға тірелген.
– Біз итке ЖИ көзін бердік. Ол қабырғаны көрсе, бұрылуы керек, ал жол бос болса, жүруі керек деген логика құрдық. Код жай көрінгенімен, робот оны өте жылдам орындады. Реакциясы мен қозғалыс жылдамдығы көп көмектесті, – дейді команда капитаны.
Дайындықтың ең ауыр бөлігі – үздіксіз тест. Команда робот бір жерден қате кетсе, жобаны тоқтатып, қайта бастап, Жезтабанды орнына қойып, сынақты қайта жүргізіп отырған. Қате кеткен сайын бүкіл кодты емес, тек маңызды бөлігін өзгертіп, жүйені қайта тексерген. Осындай бірнеше циклден кейін ғана алгоритм тұрақтана бастаған. Команда өз ішіндегі есебі бойынша роботтың трассадан сәтті өту ықтималдығын шамамен 75% деп бағалаған. Бірақ жарыс үшін бұл жеткіліксіз еді.
‒ Ең қиыны – трассадағы қабырғалар арасындағы үлкен ашық тесіктер, ‒ дейді Е.Қанат. ‒ Жезтабан ондай жерлерді шыға беретін жол деп қабылдап, сол жаққа басын тығып, тұрып қалатын. Бұл автономды жүйе үшін өте қауіпті сәт, өйткені бір ғана кідіріс бүкіл нәтижеге әсер етеді. Сол себепті роботтың шешім қабылдау логикасын қатайтып, параметрлерін қайта баптадық.
Команда капитанының сөзінше, тағы бір мәселе – интернетке тәуелділік. Бастапқыда мультимодальді жасанды интеллект моделін бұлт арқылы қолдануды ойлаған. Тіпті үш түрлі трассаға жеке алгоритм мен функция дайындау жоспары да болған. Бірақ жарыс өтетін ғимаратта интернет тұрақсыз болып шыққан. Көп адамның желіге қосылуына байланысты байланыс жоғалып кетіп отырған. Сол кезде команда тез арада басқа жол тапқан.
Олар роботқа айналаны бірден емес, шамамен бір секунд ішінде толық қарап, түсініп алуға мүмкіндік берген. Соның арқасында Жезтабан алдындағы нысанды тек көріп қана қоймай, оны қалай айналып өту керегін де өзі шешкен. Бұл шешім интернетке тәуелділікті азайтып, жобаның тұрақтылығын күшейткен.
‒ Біз Жезтабанға жан бергендей болдық. Ол өзі қалаған жаққа бұрылып, өзі жүріп, кәдімгідей ақылды ит сияқты әрекет етті. Бір сәтте роботты емес, ойлап тұрған тірі жүйені көргендей болдық, – дейді ол.
Команда бұл жобаны тек жарыс үшін жасалған жұмыс деп қарамайды. Олардың пікірінше, мұндай роботтарды өрт кезінде, орманды бақылауда, қауіпті аймақтарға кіруде, адамдарды іздеуде, жүк тасуда және автономды міндет орындауда тиімді қолдануға болады. Жезтабанның мүмкіндігі бір жарыспен шектелмейді.
Жобаны әзірлеуде жасанды интеллект құралдарының да көмегі көп болған. Команда код жазу кезінде Gemini мен ChatGPT жүйелерін белсенді пайдаланған. Бұл құралдар кейбір шешімдерді тез табуға, алгоритм логикасын нақтылауға және код құрылымын жылдам дайындауға көмектескен. Бірақ негізгі шешімдер, тест нәтижелері және бейімдеу жұмыстары команданың өз қолымен жасалған.
Бұл жеңіс – үш күннің ішінде жасалған жұмыстың нәтижесі ғана емес, дайын роботқа нақты интеллект элементтерін енгізу, оны қайта-қайта тексеру, әр сәтсіздіктен кейін тез шешім қабылдау және командалық үйлесімді сақтау нәтижесі. Қазір Жезтабан жасанды интеллект арқылы өздігінен жүріп-тұра алады, ал команда бұл бағытты Қызылордада да жалғастыруды көздеп отыр. Олардың түпкі мақсаты – автономды қозғалатын роботтарға жаңа деңгейдегі мүмкіндік беру, өз сөздерімен айтқанда, «цифрлық жан беру».
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





