Жиырма жыл – елеулі белес

7

0

Фото: ХҚКО

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, халыққа қызмет көрсету саласының деңгейін көтеру мақсатында осыдан 20 жыл бұрын елімізде жаңа жүйе – халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылды. Мемлекеттің даму сатысы жоғарылаған сайын халықтың сұранысы да арта түсетіні сөзсіз. Ал бұл бұрын бір анықтама алу үшін бітпейтін кезек пен әртүрлі кабинеттер арасында жүріп, алтын уақытын сарп ететін халық үшін қажетті құжаттарды «бір терезе» арқылы алуға мүмкіндік берді.

Қызылорда облысында мұндай орталық 2006 жылдың 20 желтоқсанында жұмысын бастады. Ол кезде небәрі 15 адам еңбек етіп, келушілерге 25-тен астам қызмет түрін көрсететін. 2014 жылдың соңына қарай мамандандырылған ХҚКО ашылып, онда көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу, көлікті есептен шығару сияқты қызметтер жылдам әрі сапалы түрде жүзеге асырыла бастады.

– Уақыттың алға жылжуымен бірге мемлекеттік қызмет көрсету форматы да жаңарады. 2018 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­пора­циясы құрылып, зейнетақы төлеу, жыл­жымайтын мүлік және жер кадастры қызметтері орталықпен бір жүйеге бірік­тірілді. Осылайша азаматтарға көптеген қызмет түрі бір жерден кешенді түрде көрсетілетін болды.

Өңірімізде республикада теңдесі жоқ «Жасыл дәліз» жоба­сы енгізілді. Бұл – мүгедектігі бар жандар, зейнеткерлер, ардагерлер, көпбалалы аналар және кәсіпкерлер үшін кедергісіз, кезексіз қызмет алудың үлгісі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік ілтипаттың нышаны.

Мемлекеттік қызметтің қол­жетімділігін арттыруға арналған тағы бір маңызды құрал – 1414 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы. Аймағымызда аталған орталық 2021 жылы өз жұмысын бастады. Бүгінде байланыс орталығындағы 100-ден астам оператор тұрғындарға кеңес, қызмет түрлері туралы ақпарат беріп отыр, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева.

Артта қалған 20 жылда тағы қан­дай тірлік атқарылғанына көз жү­гіртсек, орталықтардың цифр­ландыру жүйесін тиімді түрде қол­данысқа енгізіп, сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге көшкенін анық көреміз. Сөзіміз дәлелді бол­сын, 2021 жылы желтоқсан айын­да Қызылорда қаласында элект­рон­ды үкімет порталын қолдануға ма­шықтандыратын жаңа кеңістік – Цифрлы ХҚКО есігін айқара аш­ты. Онда азаматтардың өздігінен қыз­мет алуына, цифрлық сауатын арттыруға жағдай жасалған. Жаңа цифрлық кеңсе – Сыр жұрт­шылығының өмір сапасын арт­тыруға, мемлекеттік қызмет­тер­ді ашық әрі тиімді ұсынуға бағыт­тал­ған нақты қадам екені рас.

– Мемлекеттік қызметтің азамат­тарға бағытталғанын айшықтайтын тағы бір ерекше бастама – «Отбасы орталығы» ғимараты. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен 2024 жылы халық игілігіне тапсырылған бұл ғимаратта бү­гінде неке қию, сәбидің туу, зейнетке шығу, жеке куәлік алу секілді құ­жат­тар иелеріне салтанатты түрде та­бысталып жүр. Бұл мемлекеттік қызметтің өмірдің ең қымбат сәттерімен де тығыз бай­ланысты екенін көрсетеді. Бү­гін­де Қызылордада республика бо­­йынша алғашқылардың бірі болып «Супер ХҚКО» жобасы іске асырылып жатыр. Мұнда 15 мем­ле­кет­тік мекеме бір орталықта шо­ғырланған. Тұрғындар осылайша уақытын үнемдей, тиімді әрі сапалы қызметке қол жеткізе алады. Осы жылдар ішінде халыққа қыз­мет көрсету орталықтары қара­па­йым құжат рәсімдейтін орын­нан адам­ның бүкіл өмірін жеңілде­те­тін құрылымға айналды. Әрбір қыз­мет сапаға, сенімге және адамға құр­мет­ке негізделген, – деді облыстық филиал басшысы.

Бүгінде 1000-нан астам мемле­кеттік қызмет түрі мемлекеттік реестр арқылы жүргізіледі. Соның 95 пайызын онлайн форматта алуға болатыны қағазға негізделген бю­ро­кратиядан цифрландыруға кө­шудің басты серпіліс екенін көрсе­теді. Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарының құрылуы, электронды үкімет порталының іске қосылуы және қызмет көрсету рег­ламенттерінің енгізілуі осы сала­ның іргетасын қалаған маңызды қа­дамдар деп айта аламыз. Онлайн қызметтердің кеңінен қолданысқа енуі және азаматқа бағдарланған ше­шімдердің артуы сияқты өзгеріс­тер мемлекеттік органдар мен ха­лық арасындағы өзара байланысты мейлінше жеңілдетті.

– Биыл Сыр өңіріндегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының құ­рылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл – халқымыздың мемлекеттік қыз­меттерге қолжетімділігін артты­ру, ашықтық пен əділдік қағидат­та­рын өмірге енгізу жолындағы елеулі белес. Жүйе құрылған сəт­тен бастап ел игілігіне қызмет етіп келеді. Тəуелсіздікпен бірге қа­лып­тасқан бұл құрылымның бас­ты миссиясы – халыққа сапалы, же­дел əрі тиімді қызмет көрсету. Қы­зылорда облысында 2006 жылы алғашқы орталықтың ашылуы өңір­дің əлеуметтік-инновациялық да­муына тың серпін берген тарихи оқиға болды. Бүгінде біздің орталықтар заманауи технологияларды, цифрлық шешімдерді, «бір терезе» қағидатын тиімді қолдана отырып, халықтың сеніміне ие бол­ған құрылымға айналды. Əр қыз­меткердің ең басты ұстанымы – адамға құрмет пен сапалы қызмет көрсету, – деді филиал директоры.

Тағы бір мақтанатын тұсымыз, ұлттық нақыштағы, қазақ зия­лы­ла­рының нақыл сөздерімен көм­ке­ріл­ген, қазақы болмысты ай­шық­­тай­тын бірегей орталық тек Қы­­зылордада бар. Ұлттық бояуы қанық, дәстүр мен осы заманның үйлесімін тапқан бұл ор­талықта қазақылықтың рухын сезіне аласыз.

Бұл жай ғана статистика емес

Қызылорда облысында халыққа қызмет көрсету орталығы құрылып, қалыптасқаннан бері тұрғындарға 13 млн-нан астам мемлекеттік қыз­мет көрсетілді. Бұл туралы «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының баспа­сөз қызметі хабарлады.

Жиырма жыл – елеулі белес

Бұл жай ғана статистика емес. Оның артында сапалы, жылдам әрі қолжетімді қызмет алған адам­дар­дың көңілді күйі тұр. ХҚКО өзінің жүріп өткен 20 жылында «бір терезеден» цифрлы қызметке дейінгі бүкіл сатыны еңсерді. Бүгінде әрбір қызылордалық сарыла кезек күтіп, уақыт жоғалтпай-ақ анықтама немесе кеңес ала алады. Мұның бәрі мемлекеттік қызметтерді дамыту мен жаңғырту бағытындағы жұ­мыс­тардың нәтижесі екені айт­паса да түсінікті. Ал қыруар тір­лік тәжірибелі әрі шыңдалған коман­даның арқасында бітіп жатыр.

Индира Мыханова мемлекеттік қызмет көрсету саласында 18 жыл­дан бері тер төгіп келеді. Орта­лықтың қалыптасу кезеңі, қалай аяққа тұрып, жаңа технологияға қарай жылжығаны – бәрі оның кешегідей көз алдында. Мерейтой аясында кейіпкеріміз ұзақ жылғы еңбегі еленіп, марапат биігінен кө­рінді.

– Мен орталық құрылғаннан бе­рі еңбек етіп жүрмін. Алғашқы кез­де жұмыстың бәрін қолмен ат­қа­ратынбыз. Бланкі толтырып, құ­жат­тарды жазып, ұзын-сонар ке­зектегі адамдарға үздіксіз қызмет көрсететінбіз. Ал бүгінде барлығы цифрландырылды. Қызметтердің ба­сым бөлігін халық онлайн ала алады, оған небәрі санаулы минут кетеді. Бұл – алға қарай қарыштап дамудың айқын көрінісі, – деді Индира Мыханова.

Расында, жаңа технологиялар, «Супер ЦОН» жобасы, электронды кезек, цифрлы терминалдар, онлайн консультация секілді өзгерістер адамдардың өмірін жеңілдетті.

Мобильді қосымша – тиімді мүмкіндік

Мемлекеттік қызметтерді цифр­ландыру үдерісі аясында «Аза­маттарға арналған үкімет» мемле­кет­тік корпорациясы «ЦОН» мо­­бильді қосымшасына жаңа мүм­кін­дік қосты. Енді азаматтар мемле­кеттік қызметке берген өтінім­де­рінің мәртебесін нақты уақыт ре­жимінде көре алады.

Өтінім мәртебесін көру үшін қолданушы қосымшадағы «ХҚКО қызметтері» немесе «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімін таңдап, өті­нім нөмірін енгізуі керек. Бұл жаңа­шылдық қызмет көрсету процесін барынша ашық етіп, азаматтарға өтінімнің қай сатыда тұрғанын жә­не нәтижені қашан алуға болатынын нақты білуге мүмкіндік береді. Енді өтінім мәртебесін білу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.

Жаңа функция азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қыз­меттерге деген сенімді арттырады. Әр қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін көріп, кез келген өзгеріс туралы жедел хабардар бола алады.

– Өтінім мәртебесін бақылау жүйесін енгізу – мемлекеттік қыз­меттерді жаңғыртудың маңызды қа­дамы. Бұл шешім ашықтықты арттырып, халыққа қызмет көрсетудің қолайлылығын күшейтеді. Мұндай цифрлық бастамалар Президент Жолдауында айтылған цифрлық трансформация міндеттерімен үн­десіп, мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мем­­ле­кеттік корпорациясының бас­­­қарма төрағасы Арман Кенже­ға­лиев.

Қосымшада сонымен бірге электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігі іске қосылған. Бұл қолхат – өтінімнің қабылданғанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжат. Ол автоматты түрде «Тапсырыс тарихы» бөлімінде сақталады.

Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта жылдам әрі ыңғайлы түрде ұсынуға бағытталған жаңа цифрлық шешім­дерді енгізуді жалғастырады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»