Жиырма жылдың жетістігі

5

0

Білім басқармасына қарасты №2 облыстық балалар оңалту орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл жылдар – тек уақыт межесі емес, үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамудың, еңбек пен жауапкершіліктің, адам өмірін жақсартуға бағытталған жүйелі қызметтің жемісі.

Жиырма жыл бұрын орталықтың басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік бейімделуіне, білім алуға және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау болды. Атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелер ұжымның кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбегінің және қоғамның қолдау көрсетуінің айқын көрінісі деп білемін.

Бұл туғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психо­логиялық-ме­дициналық-педагогикалық көмек көрсететін, ар­найы түзетуші топ­тық, шағын топтық және жеке дамытушы бағдарламаларды іске асыратын мекеме.

Әрбір баланың өз қабілетіне қарай интел­лектуалдық дамуы, негізгі кемшілігі мен қосым­ша ауытқушылықтарын түзету арқылы қайта қалпына келтіру, мүмкін­діктері мен қабілеттерін барынша жүзеге асыратындай етіп шыңдау, тәрбиелеу – алға қойған басты мақсаттардың не­гізгісі. Сондықтан сабақты жоспарлау жә­не өт­кізуде педагогтер әр баланың же­ке қабілеті мен мүмкіндігіне баса мән береді.

Әрбір балаға жеке дамыту бағдар­ламасы құрылады, жеке, топтық сабақ­тар түрінде тү­­зете-дамыта оқуын жүр­гізу, отбасы жағ­дайында даму мүм­кін­діктері шектеулі балаларды тәр­бие­леу мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру және оқыту, үш ай сайын ма­мандар мен дәрігерлердің қа­рауымен келесі ауы­сымға жұмыс бағ­дар­ламасы әзірленеді. Пси­холог, логопед, де­фек­толог, әлеуметтік педагог, тәр­бие­ші­лер­дің тұтас, жүйелі ұйымдас­ты­рылған іс-әрекеті ар­қасында оңалту-сауық­тыру ем­деу екі ба­ғытта жүргізіледі, яғни меди­ци­налық және педагогикалық.

Орталық қызметін шектеулі ресурстар­мен бастап, кезең-кезеңімен дамудың бар­лық сатысынан өтті. Алғашқы жылдары не­гізі­нен педагогикалық, медициналық және әлеу­мет­тік бағыттар біріктіріліп, ке­шенді тәсіл қалыптасты.

Біріншіден, арнайы педагогика, ло­гопе­дия, дефектология және психо­ло­гиялық қыз­мет бағыттары айтарлықтай дамыды. Бастап­қыда бірнеше маманнан құралған шағын ұжым қазір толыққанды көпсалалы командаға айналды. Лого­педиялық және психологиялық диагнос­тика жүйесі же­тілдіріліп, әр баланың даму деңгейіне қа­рай жеке және топтық сабақтар ұйымдас­тырылды.

Екіншіден, балалардың ата-аналарымен өза­ра байланыс орнатудың тиімді үлгі­лері енгізілді. Орталықта ата-аналарға тұрақ­ты кеңес беру, ашық сабақтар өткізу және педа­гогикалық-психологиялық қол­дау көр­сету тәжірибесі жолға қойылды. Арнайы «Мейірім» ата-аналар клубы іске қосылып, баланы үй жағдайында қолдау тәсілдері үй­ретілді. Бұл жұмыс форматы ата-аналардың белсенді қатысуына және баланың оңалту процесіне сеніммен қарауына мүмкіндік берді.

Үшіншіден, мамандардың кәсіби бі­­лікті­лігін арттыру курстары жүйелі түрде ұйым­дас­тырылды. Қызметкерлер қалалық, об­лыс­тық, республикалық семинарлар мен кон­фе­рен­цияларға қатысып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, ор­талық базасында жас мамандарға арнал­ған тәлімгерлік жүйе енгізілді. Бұл ма­ман­дардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, оңалту қызметінің сапасын көтеруге елеулі үлес қосты.

Осылайша орталықтың қызметі кезең-кезеңімен жүйеленіп, оңалту саласының да­му үлгісіне айналды.

Бүгінде материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы ай­тарлықтай артты. Жыл сайын жүздеген бала кешенді оңалту бағдарламалары арқылы оң нәтижелерге қол жеткізуде.

Орталықта заманауи оңалту әдістері мен технологиялары енгізілді. Зерде бұзы­лыстары бар балаларды математикалық сауат­тылыққа үйрету үшін «Нумикон» ариф­метикалық түсініктерді қалыптас­тыру әдісі енгізілді.

Қарым-қатынаста алғашқы қиындық­тарға тап болған балалар үшін тиімді еке­нін дәлелдеген сурет алмасудың комму­никативті жүйесі PECS әдістемесімен пси­холог маман жұмыс жасайды. Бұл ау­тизмі бар балаға басқалардың назарын оның қажеттіліктері мен қалауына ауда­руға мүмкіндік береді және оларды өз бе­тінше бастауға, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрете алады.

IT технологиялар мүмкіндігі шектеулі бала­ларға білім беруді қолжетімді және инк­лю­зивті етуге көмектеседі. Жасанды интеллект бейім­делген құрылғылар сапалы түзету жұ­мысына мүмкіндік бе­реді. Интерактивті плат­формалар ойын элементтерін қолданып, бала­лар­дың сөй­леу дағдыларын дамытуды жеңіл­детеді және олардың сабаққа деген қызы­ғу­шы­лығын арттырады.

Сөйлеу тренажерлері баланың арти­ку­ля­циялық, тыныс алу және фоне­ма­тикалық дағ­дыларын жетілдіруге бағыт­талған ар­найы жат­тығулар кешенін ұсы­нады. Бұл балаға өзінің физикалық күйі мен сөй­леу арасындағы байланысты түсінуге кө­мектеседі.

Орталықтың материалдық-техни­ка­лық ба­засы жүйелі түрде нығайтылып, зама­науи талаптарға сай жақсартылды. Осы ке­­зең­де оңал­ту үдерістерін тиімді ұйым­дас­ты­руға қа­жетті жаңа жабдықтар, арнайы кор­рекциялық құ­ралдар және меди­циналық-реа­билитациялық аппарат­тармен толық­ты­рылды. Қауіпсіздік пен қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақ­са­тында ғима­рат ішіндегі бөлмелер жаң­ғыртылып, қыз­­мет көрсету сапасын арт­тыруға бағыт­тал­ған тех­нологиялық мүмкіндіктер енгі­зілді, арнайы жаб­дық­талған әлеумет­тік-тұр­мыс­тық бағдарлау кабинеті пайда­лануға бе­рілді.

Орталық бірнеше мекемемен өзара ын­ты­мақтастық туралы меморандумға қол қо­йып, бірлескен қызмет аясын кеңейтті. Бұл балаларға көрсетілетін оңалту, білім беру және әлеуметтік қолдау сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі заманғы арнайы білім беру жү­йесінің басым бағыты – жас ұрпақтың шы­ғармашылық тұлғасын дамыту. Жыл сайын Арнайы және инклюзивті білім беруді да­мытудың ұлттық ғылыми-практикалық орта­лығының ұйымдастыруымен «Біздің таланттар» респуб­ликалық музыкалық-шы­ғармашылық конкурсы өткізіледі. Ор­та­лық тәрбиеленушілері конкурсқа қаты­сып, облыстық кезеңде «Алтын дауыс», «Оркестр», «Бастаушы әртіс» және «Кіш­кентай биші» номинациялары бойынша І-ІІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Сон­дай-ақ XIV «Жұлдызай» халықаралық фес­ти­валінде де ІІІ дәрежелі диплом алды. Об­лыстық кезеңде жүлделі орындарға ие болып, алғыс хаттармен марапаттал­ды. Сонымен қатар республикалық ке­зеңге «Жеті лақ» қойылымы жолданды. «Оркестр» номинациясы бойынша рес­публикалық кезеңде ІI дәрежелі диплом иегері атандық.

Педагогтердің кәсіби жетістіктеріне тоқ­та­латын болсақ, «Педагогикалық идея­лар па­нора­масы» байқауының облыс­тық кезеңіне арнайы білім беру ұйым­дары ма­мандарының бейне­сабақтары ұсы­нылды. Облыстық кезең нәти­жесінде логопед Айдана Қалдыбектің тейптеу әдісі бойынша бейнесабағы І орынға ие болды.

«Оңалту орталығының, психология­лық-педагогикалық түзету кабинетінің үз­дік педагогі» конкурсының облыстық ке­зеңінде де «Үздік әдістемелік кейс» және «Педагогтің үздік бейне-визиткасы» номинациялары бойынша жүлделі ІІІ орын алды.

Аталған байқауда педагог-дефектолог Гау­хар Сүлейменова «Үздік әдістемелік кейс» номинациясының жүлдегері ата­нып, рес­­публикалық кезеңге жолдама алса, биыл пе­да­гог-логопед Ай­да­на Қал­дыбек «Үздік пе­дагог» номи­на­ция­сының жеңімпазы атанды.

Оңалту бағдарламаларының нәти­же­сінде балалардың әлеуметтік бейімделу деңгейі жоғарылап, өз бетінше өмір сүру және білім алу мүмкіндігі кеңейді. Тәрбиеленушілер мектепке дейінгі жә­не жалпы білім беру ұйымдарына бе­йімделді, ал кейбір түлектер колледж­дерде білімін жалғастыруда. Осы уақыт­та 2000-нан аса бала түзету, оңал­ту жұмыстарымен қамтылып, оның ішін­де 266 бала түзетіліп, балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептерге қо­сылды. Балалардың өз-өзіне қызмет ету, қарым-қатынас жасау және қоғам өміріне белсенді араласу қабілеттері айтарлықтай жақсарды. Бұл жетістіктер – орталықтың жүйелі еңбегі мен кәсіби қызметінің нақты нәтижесі.

Алдағы кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту қызметі одан әрі жетілдіріледі.

Облыстық оқу орталығымен бірлескен «БАЛАМА» цифрлық оңалту жобасы жасалып, «Қазақстан халқына» қорына берілді.

Жоба ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолжетімді, заманауи және тиімді оңалту қызметтерін ұсынуға бағытталған.

Жиырма жыл – аз уақыт емес. Бұл кезең – жүйелі еңбектің, бірліктің және ізгіліктің нәтижесі. Орталық қызметінің табысы – ең алдымен ұжымның кәсіби шеберлігі мен балаларға деген шынайы қамқорлығының айғағы.

Біздің басты ұстанымымыз – әр балаға тең мүмкіндік беру, олардың әлеуетін ашуға жағдай жасау.

Алдағы уақытта да біз өз миссиямызды жалғастырып, мүмкіндігі шек­теулі балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамдағы орнын нығайтуға ба­ғытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіре береміз.

Қарлығаш БІЛӘЛОВА,

№2 облыстық балалар оңалту орталығының басшысы