2025 жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шекті. Соған қарамастан, дер кезінде көрсетілген білікті медициналық көмектің арқасында өлім көрсеткішін 9,7%-ға төмендетуге қол жеткізілді.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс травматологы, академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарисов мәлімдеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп. Жол апаттарының салдарынан 51 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 330 адам қаза тапты.
Жол апаттары мен зардап шеккендер санының өсуіне қарамастан, өлім деңгейінің төмендеуі байқалады – өлім көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 9,7%-ға қысқарды.
Барлық жол-көлік оқиғаларының үштен бірі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген.
Өңірлер бойынша статистика келесідей: Алматы қаласы (8954), Алматы облысы (5987), Жамбыл облысы (3276), Ақтөбе облысы (3053) және Атырау облысы (2785).
Жедел медициналық жәрдем қызметінің деректері бойынша жарақаттар бойынша түскен шамамен 796 мың шақыртудың 44 мыңы (5,6%) жол-көлік оқиғаларымен байланысты. Жедел жәрдем бригадаларының келуінің орташа уақыты халықаралық ұсынымдарға сәйкес келеді және қалада шамамен 8 минутты, ауылдық жерлерде 9 минутты құрайды.
«Алтын сағат» қағидаты шеңберінде зардап шеккендер 34 минуттың ішінде медициналық ұйымдарға жеткізіледі, бұл өлім деңгейін төмендетуде және жарақат салдарының ауырлығын азайтуда шешуші рөл атқарады.
Мамандардың айтуынша, өлім көрсеткіштерінің белгілі бір жақсаруы байқалғанымен, жол апаттарынан жарақаттану көрсеткішін азайту үшін кешенді ведомствоаралық тәсіл қажет. Бұл алдын алу шараларын күшейтуді, жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыруды және шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіруді қамтиды.
Осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған жолдардағы өлім мен жарақаттану жағдайларын төмендетуге бағытталған ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжат денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен кадр даярлаудан бастап, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге және жол-көлік оқиғаларына ден қою тиімділігін арттыруға дейінгі жүйелі шараларды қамтиды, – делінген хабарламада.






