Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында автожол саласын дамыту және Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмаларды аудан көлемінде сапалы әрі мерзімінде орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
«Қазіргі таңда елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ел Президентінің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен аудан аумағында жол құрылысы қарқынды жүргізіліп, елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өтті. Өткен жылы жол саласын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге бөлініп, аудандық маңызы бар 1 автомобиль жолы мен кент және ауылдық округтердегі 37 ішкі көшеге күрделі жөндеу, 8 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ендігі міндет – осы жолдарды күтіп ұстау және автожол саласын одан әрі дамыту бағытында жобаларды одан әрі жүзеге асыруымыз керек», – деді А.Ибраимов.
2025 жылы аудандық маңызы бар «Қызылорда-Жалағаш-Ақсу-Беркімбай кәлпе» автомобиль жолына, Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшеге, Жалағаш кентіндегі 14 көшеге, М.Шаменов ауылындағы 2 көшеге, Қаракеткен және Далдабай елді мекендеріндегі 8 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аталған елді мекендердегі 8 көшеге тас төсеу, Жаңадария ауылындағы 2 көшеге және Аққыр елді мекеніндегі 2 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды.
Биыл ауданның жол саласы бойынша жалпы құны 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Алдағы уақытта жол құрылысы жұмыстары жалғасатын болады.
Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібінде қаралған мәселелерге сәйкес жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктелді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






