«Жол қадірін жүрген білер» демекші, автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Осы орайда қалалар мен аймақтар арасын сапалы жолмен жалғау маңызды. Президент биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында елдегі көлік логистикасын дамыту мәселесіне тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі.
Былтыр біздің территориямыз арқылы жүк тасымалдау көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Сонымен бірге еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқылануда. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды. Сондай-ақ негізгі дәліздер аясында автомобиль жолдарын дамытуға баса мән берген жөн. Қазір елімізде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Жол салған кезде транзиттік дәліздердің мән-маңызына баса көңіл аударған жөн» деп атап өткен болатын.
Жол салу, оның сапасын жақсарту жұмыстары біздің өңірде, соның ішінде аудандарда да қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, Аралда аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 783,383 шақырым. Қазіргі кезде оның 443,4 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, көлік инфрақұрылымын дамыту үшін өткен жылы басталған жұмыстарды жалғастыру, жаңа жобаларды бастауға тиісті салалық басқармалар мен министрліктерге 16 млрд теңгенің 21 жобасы әзірленіп ұсынылған. Нәтижесінде көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен 4240,33 млн теңге бөлінген.
– Нақтырақ айтсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұған дейін басталған, биылға өтпелі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм», «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автомобиль жолдарының құрылысына, Хан елді мекенінің жанындағы пантон көпірді қайта жаңғыртуға қаржы бөлінді. Көпір пайдалануға берілсе, «Самара-Шымкент-Шөміш-Аралқұм», «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автомобиль жолы жыл соңына дейін ел игілігіне айналады. Бұдан бөлек, жаңадан басталған аудандық маңызы бар «Арал-Жалаңаш» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы 5 лотқа бөлініп облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Қазіргі кезде мердігер мекеме жолдың астыңғы қабатын көтеріп, 13 шақырымына асфальт төседі және жол жиегіне кірісті, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген.
Сондай-ақ «Моно және шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқылы былтыр басталған Арал қаласы Бақтыбай батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. 1,7 шақырымына асфальт төселіп, жұмыстар жүргізіліп жатса, 7 көшенің жол құрылысына да қаржы бөлініп, қара қиыршықтас жайылып, түнгі жарық шамдар орнатылды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы іске асып жатқан Жақсықылыш кенті көшелері құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 көшеге асфальт төселіп, қалған 7 көшенің астыңғы қабаты көтеріліп, қиыршықтас төгілді. Сонымен қатар жаңадан басталған Сексеуіл кентінің ішкі көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 көшеге асфальт төселді. Жақсықылыш кентінің, Қаратерең, Қосжар елді мекендерінің ішкі көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
– Сексеуіл кентіндегі мектепке инженерлік инфрақұрылым желілері тартылды. Бұдан бөлек, көлік инфрақұрылымын дамыту үшін келер жылы аудандық маңызы бар «Шөмішкөл-Базарқожа» автомобиль жолының және Қарақұм елді мекенінің ішкі көшелерінің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Бөген және Қаратерең елді мекендерінің ішкі көшелерін орташа жөндеудің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде, – дейді бөлім басшысы.
Айта кету керек, биыл аралдықтар үшін маңызды жаңалықтың бірі – Арал қаласындағы теміржол арқылы өтетін аспалы көпірдің ел игілігіне берілгені.
Аспалы көпір құрылысына 2021 жылы техника-экономикалық негіздеме, жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мердігер мекемені анықтау үшін жүргізілген мемлекеттік сатып алу нәтижесімен «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанды. Құрылысқа республикалық, облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Осылайша биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесінде аспалы көпір ашылып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа көпірдің ашылуымен құттықтады. «Бұл – аралдық ағайынның көптен күткен арманы! Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетіндегі көліктер кептелісте сағаттап күтетін. Жергілікті тұрғындардың ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің оң шешім табуы – біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Аспалы көпірге жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарықшамдар орнатылды.
Жаңа көпір – Аралдың болашағына жол ашатын, ел игілігіне қызмет ететін алтын көпірге айналсын! – деп көпірдің аудан тұрғындары үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізген болатын.
Жол – экономиканың күретамыры, өңірлерді дамытудың ең маңызды шарты және өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етуші фактор. Осы орайда өңірде, оның ішінде Арал ауданында көлік- логистика саласында атқарылған жұмыстар ауқымды. Оны жоғарыда аталған жұмыстардан көруге болады. Экономикалық-әлеуметтік дамудың драйвері саналатын жол сапасын жақсарту алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





