Жолаушылар автобусы аударылды: 8 адам қаза тапты

204

0

Бүгін «Қызылорда-Құмкөл» тасжолында таңғы 04-30 шамасында облыс орталығынан 70 шақырым қашықтықта жолаушылар автобусы аударылды. Жол апаты көктайғақта жүргізушінің рөлге ие бола алмай қалуынан болды. Оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 21 адам емдеу орындарына жатқызылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан мәлімдегендей, автобуста 36 жолаушы болған. Барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының азаматтары. «South Oil» серіктестігінің қызметкерлері отырған автобус Құмкөл кенішінен Шымкент қаласына бағыт алған.
Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері мен тиісті сала басшылары бірден жеткен. Жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды.
– Автобуста болған азаматтардың жеке бастарына қатысты мәліметтер анықталуда. Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптама тағайындалды, – деді Б.Сұлтан.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов ауа райының қолайсыздығына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары, сонымен қатар төтенше жағдай департаменті мамандары sms арқылы ескерту жариялағанын айтты. Соған қарамастан жолға шыққан компания басшылығы тергеу жұмыстарының нәтижесімен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Ауыр жарақаттанған 6 адам облыстық ауруханаға жеткізілді. 16-сы орташа деңгейде, 7-еуі жеңіл жарақат алған. Республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, санитарлық авиация бригадасы да оқиға орнына барған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов жарақат алған 21 адам облыстық және қалалық ауруханаларға жатқызылғанын хабарлады.
– Оқиға орнында барлығы 7 жедел жәрдем көлігімен барған дәрігерлер алғашқы көмек көрсетті. Санитарлық авиация желісі пайдаланылды. Жарақат алған 21 адам облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға жатқызылды. Оның 17-сі облыстық медицина орталығында ем қабылдап жатыр. Оның 5-еуі жансақтау бөліміне орналастырылды. Қалалық ауруханаға жеткізілген 4 науқастың 1-еуі жансақтау бөлімінде. Оларға барлық тиісті емдеу шаралары жасалуда, – деді ол.

Шынар БЕКБАН.
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<