Жолдағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды

296

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгінгі ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жолдағы қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін сақтаудағы мәселелерге тоқталды.

«Өткен жылы полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,3 млрд. теңге бөлінді. Биыл жергілікті бюджеттен тағы 2,1 млрд. теңге берілді. Оның ішінде полиция инспекторларына 18 қызметтік автокөлік табысталды. Алдағы уақытта бюджетті нақтылау барысында тағы да қосымша қаржы бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қызылорда қаласы аумағына 100 бейнебақылау камерасы мен 10 «Сергек» қондырғысы орнатылды. Бұдан бөлек, 10 «Ekin Patrol G2» және 21 «Vuewo» мобильді кешені жұмыс жасауда. Дегенмен, Қызылорда қаласында жол-көлік оқиғалары 120-ға, қайтыс болғандар саны 5-еуге, жарақат алғандар саны 150-ге артқан. Биылғы 6 айда 58 жаяу жүргіншілерді көлік қағу жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 77,5 пайызға өскен. Жүргізушілерге қатаң талап қойып, полиция қызметкерлерінің жұмысын күшейту қажет. Тұрғындар қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», – деді аймақ басшысы.

Жол-көлік оқиғаларының саны өскен Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жағдайды қатаң бақылауға алып, жергілікті полиция бөлімдері профилактикалық шараларды күшейтуі керек.

Жиын қорытындысымен жолдар мен көшелерге жол белгілерін орнатып, тозығы жеткендерін жаңарту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы елді мекендер тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндірме жұмысын күшейту тапсырылды. Автомобиль жолдары мен көшелерді салу, жаңғырту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алу қажет. Қызылорда облыстық полиция департаменті авариялық қауіпті учаскелерді анықтап, рейдтерді тұрақты ұйымдастыруға жауапты болмақ. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол белгілерін бір апта ішінде қалпына келтіруі тиіс.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<