Жүрекке шуақ тұнған күн

774

0

Жүрекке шуақ тұнған күн Көктемнің көрікті мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесі аймақтағы ақынжанды аналар, ару қыз-келіншектерді, жауқазын жырларымен танылып жүрген жас толқын таланттарды  қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

Мерекелік қабылдауда ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов құттықтау лебізін білдіріп, қоғамдағы әйел-аналардың орны ерекше екенін атап өтті.

– Отбасының бақыты мен берекесін арттырып, ұлағаттап ұрпақ өсіріп, шаңырағын шуаққа бөлеген аяулы аналар, қайратты да жігерлі қыз-келіншектер бүгінгі таңда қызметтің қай саласында болмасын қажырлы еңбек етіп, қайраткерлік деңгейге көтерілді. Ананың құдіреті сол – олар арқылы өмір жалғасады, ұрпақ алмасады.

Қай қызметтің де өзіндік салмағы бар. Десек те, ақындық, екінің біріне қона бермейтін қасиет. Тұма тазалықтан бастау алатын өзгеше өнер. Сондықтан мерекелік кешке қолына қалам ұстап, жанына жырды серік еткен үш буын ұрпақ өкілдерін шақырып, өмірдің, өнердің сабақтастығын жалғауды мақсат еттік, – деді С.Шаухаманов.

Аналардың мерейін тасытқан мерекеде Сәнімкүл Желдербаева, Рысты Бекбергенова, Қатира Жәленова, Рахат Наурызбаева сынды белгілі ақындар бастаған шығармашылық өкілдері  болды. Жырға құмар жастар ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады. Жүрегіне жыр ұялаған жандарға көктемнің гүл бәйшешегі мен сый-сияпаттар табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,


«Сыр бойы».


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<