Жүргізушілер байқауы өтті

520

0

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанындағы «Сөз шебері» шешендік өнер клубы мүшелерінің арасында жүргізушілер байқауы өтіп, жеңімпаздары аңықталды.
Мектепішілік «Сөз шебері» шешендік өнер клубының жылдық жоспарына сәйкес оқушылар арасында жүргізушілер байқауы өткізілді. Іс-шараның мақсаты оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оқушы бойындағы сенімсіздікті жойып, көпшілік алдында еркін сөйлеуге үйрету және іс-шаралардың жүргізушілері мен спикерлерін дайындау болып табылады.
Сайысқа клуб мүшелері арасынан барлығы 8 оқушы қатысуға ниет білдірді. 7-9 сыныптардан құралған қатысушылар байқаудың 3 кезеңі бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезеңде оқушылар өздерін түрлі форматта таныстырып, байқауға қатысудағы негізгі мақсаттарымен бөілісті.
Екінші кезеңде қатысушылар «Сөз шебері» шешендік өнер клубының алғашқы сабақтарында алған теориялық білімдерін еске түсіріп, шешендік өнердің шығу тарихы, түрлері мен танымал шешендер туралы сауалдарға жауап бере отырып, жалпы ұпай санын толықтырып отырды.
Соңғы кезең белгілі бір телеарна бағдарламасын жүргізуге арналды. Бұл сайыста оқушылар өздері ақпараттық материалдар дайындап, қызықты тақырыптарда ток-шоу жүргізді. Мұнда оқушылар ауа-райына шолушы және спорттық коментатор, жаңалық жүргізушісі болып, өз қабілеттері мен шеберліктерін сынады.
Байқау қорытындысы бойынша үшінші және екінші орындарды 7 «Е» сыныбының оқушылары Аянат Шамшидин мен Жібек Кучербаева бөліп алса, сайыс жеңімпазы болып 7 «D» сыныбының оқушысы Ақсымбат Қуандық атанды. Ақсымбат алдағы уақытта «Ақылды бейсенбі» жобасы бойынша өткізілетін өңірдің белгілі тұлғаларымен кездесу кешін тізгіндейтін болады. Сонымен қатар, 9 «В» сынып оқушысы Нұрлыхан Қадір «Көркем сөз шебері», 9 «F» сынып оқушысы Жәния Орманбек «Үздік диктор», 9 «F» сынып оқушысы Асылжан Сағдиқызы «Оратор» номинацияларымен марапатталды.
Айта кетейік, аталған клуб биыл мектепте алғаш рет оқушылар үшін өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда клубтың 20-ға жуық тұрақты қатысушылары бар. Екі аптада бір рет тележургізуші, тіл маманы мен концертмейстерден құралған клуб жетекшілері оқушыларға көпшілік алдында сөйлеудің ережелері мен шешендік өнердің қыр-сыры жайында түрлі қызықты форматта сабақтар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<