Жүк пойызына мініп, әкесіне бара жатқан екі баланың біреуі ауруханада көз жұмды

681

0

Жамбыл облысында жүк пойызына мініп, әкесіне бармақ болған балалардың бірі пойыздан секірген кезде алған жарақатынан көз жұмды. Бұл ақпаратты Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік мәліметінше, кеше түнгі сағат 23:00-де Талас аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне 2015 жылы дүниеге келген Рамазан Рахатұлы жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.

Жеті жасар сәби аруханаға жеткенде ес-түссіз, жағдайы өте ауыр болған.

Бала Жамбыл облысына қарасты Билікөл ауылы тұсында жүріп келе жатқан жүк пойызынан секіріп түскен кезде ауыр жарақат алған.

Бала дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, реанимациялық шұғыл медициналық көмек көрсетілді.

Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, Тараз қаласынан санавиациямен нейрохирург дәрігер жеткізілген.

Алайда, сәби жарақатының ауыр болуы салдарынан бүгін сағат 11:40-та көз жұмды.

Ал 2013 жылы дүниеге келген Құмгелді Нұрәли Рахатұлының миы шайқалған, оң жақ самай тұсында жарақаты бар.

Ол Талас аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жатқызылды. Жалпы жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Бұған дейін Жамбыл облысында әкесін сағынған екі бала ешкімге айтпай жүк пойызымен сапар шеккенін хабарлаған болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<